Қонаев қаласында мыңдаған жасты ортақ мақсатқа біріктіріп келе жатқан «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жаңа маусымының ашылуына еліміздің барлық өңірінен келген жастар панельдік сессияға қатысып, еңбек құндылығы, экологиялық мәдениет, бастамалар, цифрлық мүмкіндіктер мен қоғамдағы белсенділіктің рөлі жайлы ой бөлісті.
«Адал еңбек – таза орта – нақты мүмкіндік» атты шараны ашқан қала әкімі 20 жылдан астам уақыт ішінде «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мыңдаған жастың еңбекке араласуына жол ашқанын атап өтті. Соңғы үш жылда 3 мың жастың жұмыспен қамтылып, 600-ге жуық экологиялық акция өткізіліп, 36 тонна қоқыс шығарылып, 48 гектар аумақ тазартылғанын, ардагерлерге көмек көрсетілгенін айта келе, осындай игі істерге үлес қосып жүрген «Жасыл ел» еңбек жасақтарына алғыс білдірді.
Шара барысында «Eco Sen» компаниясының негізін қалаушы Айбек Рахым, маркетолог, цифрлық платформалар бойынша сарапшы Санжар Жүнісов осындай мазмұнды басқосулар жастардың еңбекке деген құрметін арттырып, экологиялық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті нығайта түсетінін тілге тиек етті. Одан кейін «Жасыл ел» республикалық штабының басшысы Нұрасыл Бекматов сөз алып, “Project virus” жобасы жайлы мағлұмат берді.
Келесі кезекте «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кинолог мамандардың қатысуымен қызметтік иттердің көрсетілімі жиналғандар назарына ұсынылды.
Пленарлық отырыстан кейін басқа облыстардан келген қонақтар Қонаев қаласының көрікті және тарихи орындарына саяхат жасады. Қатысушылар «Тұлпар» ретро музейінде болып, №5 жағажай аумағын тамашалап, шаһардың мәдени және туристік әлеуетіне куә болды.
Диалог алаңында бас қосқан жастар өзара ашық пікір алмасты. Әр облыстың өкілі өз өңірінде «Жасыл ел» жобасының қала жүзеге асырылып жатқаны жөнінде сөз қозғады. Олар жобаларын таныстырып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
– Еліміз көлеміндегі әрбір «Жасыл ел» еңбек жасағының географиялық орналасуына байланысты өзіндік ерекшелігі болады. Қарағанды облысы адам санымен ерекшеленеді. Жыл бойы 5 мыңнан астам еңбек жасағын жұмыспен қамтимыз. Сонымен бірге 14 жастағы балалармен еңбек шартын жасасып, жалақысын төлейміз. Әр аудан, қала жеке-жеке жұмыс атқарады. Бүгінгі шара өз өңіріміздегі жастармен тікелей жұмыс істеп жүрген тәжірибемізбен бөлісуге келдік. Сондай-ақ басқа облыстардың жобалары көңілден шығып жатса, оны да керегімізге жаратуды қарастырамыз, – деді Қарағанды облысындағы «Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбет.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ



