Алматыдағы Қонаев университетінде қытай жазушысы, 2012 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Гонконг ашық университетінің құрметті филология докторы Мо Янмен кездесу өтті. Мәртебелі мейманға оқу орнының жетістіктері мен даму бағыты кеңінен таныстырылды.
Қонаев университетінің негізін қалаған заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Өмірәлі Жалаири әлемге әйгілі жазушы Мо Янға университеттің құрметті профессоры атағын салтанатты түрде тапсырып, ата салтымызға сай иығына шапан жапты.
Кездесу барысында қатысушылар, әсіресе студент-жастар жазушы шығармашылығымен танысып, әдебиетке қалай келгені, қаламгерлік жолы, Қытайдағы қазіргі заманғы әдеби процестің ерекшеліктері туралы сұрақтар қойды.
– Мо Ян мырза өте кішіпейіл, ойын аз сөйлеп, тұжырымдап айтатын қаламгер екен. Ал Өмірәлі Жалаири болса – күллі әлемге аты мәшһүр Мұқылай баһадүр туралы жазылған тарихи тың деректерді Қытай елінен алып келіп, төл тілімізге тәржімалап, құнды еңбек етіп жарыққа шығарған ғалым. Өмірәлі Шакарапұлы ағамыздың жастарға білім, тәлім-тәрбие беру, ұлттық тарихымызды таныту мақсатында осындай тағылымды шараларды ұйымдастыруда өте белсенді екенін баса айтқан жөн, – дейді кездесуге қатысқан «Өлке тынысы» ЖШС директорының кеңесшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Кәдірбек Құныпияұлы.
Аталмыш шара университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер үшін әлемге әйгілі жазушының шығармашылығымен танысу, пікір алмасу және өздерінің білімі мен дүниетанымын кеңейту үшін бірегей мүмкіндік болды. Мұндай кездесулер жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ


