Перейти к содержимому
Главная страница » Қоғамның қозғаушы күші

Қоғамның қозғаушы күші

Жыл сайын 28 маусымда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні ретінде Журналистер мерекесі аталып өтіледі. Осы қуаныш қарсаңында күллі әріптестерімізді кәсіби мереке күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі таңда Қазақстанда 5 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы тіркеліпті. Оның ішінде 3 мыңнан астамы газет пен журнал екен. 236 телеарна, 98 радио, интернет басылымдар 1200-ден асады. Міне, осындай отандық БАҚ-тың бірі де бірегейі – Алматы облыстық «Алатау арайы» газеті. Оның орны бөлек.

Газеттің шежіресі тым әріден, 1918 жылдан басталады. 110 жыл­дығын атайтын уақыт та алыс емес. Мұны ерекше есте ұстаған жөн. Өз басым осы басылымда 1969 жылдан 1982 жылға дейін 13 жыл еңбек еткенімді, журналист ретінде қалыптасқанымды мақтан етемін. Осы басылымның ізін жалғаған «Алатау арайы» өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жаңалықтардың, мәдениет пен руханияттың және ұлттық құндылықтардың сенімді жаршысы ретінде танымал. «Алатау арайы» газетіндегі, таяуда жеке шаңырақ көтерген «Qonaev media» телеарнасындағы әріптестерімізге, шығармашылық сәттіліктер тілей отырып, аға буын атынан арнайы ұсыныс білдіргім келеді.
Журналистер – қоғамның алдыңғы легінде жүрген жауынгер мамандық иелері. Меніңше, басылым мен телеарнаның тікелей міндеттеріне қосымша ұстанатын басты бағыт­тарының бірі – отаншылдық, патриотизм болу керек деп есептеймін. Ұлттық құндылықтар ұлттық мемлекеттілікке бастайды, ұлттық құндылықтар көп жағдайда тарихи деректерге арқа сүйейді. Айталық, жоңғарларға қарсы екі ғасырға созылған Отан соғысының беймәлім тұстары әлі де көп. Тарихи-туристік кластерді дамытудың да маңызы ерекше. Бұл орайда атқарылатын шаруа шаш-етектен.
Келесі, яғни 2027 жылы қазақ­тардың «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қасіретті жылдарынан кейін ес жиып, Үш жүздің басы қосылып, Бұланты шайқасында жоңғар шапқыншыларына қарсы алғаш рет тойтарыс беріп, жеңіске жеткеніне 300 жыл толмақ. 1727 жылы Әбілқайыр хан бастаған Үш жүздің біріккен жасағы атой салып, қазақ біріксе ешкімге бой бермейтінін көрсетті. Бұл даңқты датаға байланысты Қазақстан үкіметі арнайы шешім шығарып, Бұланты шайқасының 300 жылдығын ресми атап өтуге жол ашты.
Үш жылдан соң 1730 жылы көктемде Әбілқайыр бастаған қазақтың біріккен қолы Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағындағы Итішпес Алакөл деген жерде өткен әйгілі Аңырақай шайқасында дұшпанға тағы да ойсырата соққы берді.
Бұдан кейінгі үлкен майдан – Жетісу жерінде өткен әйгілі Ойрантөбе шайқасы. Енді үш жылдан кейін осы шайқасқа 275 жыл толады. Жан алысып, жан беріскен соғыста Райымбек батыр көреген қолбасшы ретінде де, айлалы тактик ретінде де айрықша көзге түскен. Бұл соғысқа 100-ден астам батыр қатысты деген әңгіме бар. Олардың арасында Бердіқожа Арықұлы, Қангелді Сырымбетұлы, Бақай Қоңырбайұлы, Сатай Аққабақұлы, Бөлек Қараұлы, Аралбай Кебенекұлы, Тілеуке Төбетұлы, Үкібай мен Байдәулет батырлар болған.
Меніңше, осындай тарихи оқиға­лар қарсаңында «Алатау арайы» газеті­нің ұйымдас­тыруымен, облыс­тық әкімшіліктің қолдауымен «Қаһармандық жолымен» атты тарихи экспедиция ұйымдас­тырылса, құба-құп болар еді. Ол Бұланты шайқасы, Аңырақай шайқасы, Ойрантөбе шайқасы өткен жерлерді аралап, ел аузында әлі күнге сақталған аңыз-әңгімелерді, тарихи жәдігерлерді жинақтаса, ондай материалдар өз тарихымызға деген құрмет сезімін оятпай ма?! Азаттық жолындағы күрестің реконструкциясын жасап, насихаттық шараларды күшейтсе, керемет туристік нысанға айналмақ.
Әріптестерімізді кәсіби мере­кесімен тағы да құттықтай отырып, ұлтымыз үшін осындай маңызды тақырыптарға назар аудартқым келеді.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
академик, профессор