Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы мал ұрлығының алдын алу және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауданда жедел-профилактикалық рейдтік іс-шара өткізді. Бұл іске жергілікті атқарушы органдар, полиция бөлімшелері, ветеринариялық қызмет және өзге де мемлекеттік органдар жұмылдырылды.
Рейд өткізу қажеттілігі соңғы уақытта мал ұрлығы фактілерінің жиілеуіне, сондай-ақ жануарлардың аса қауіпті ауру ошақтарының анықталуына байланысты туындады.
Аудандағы елді мекендерде өткен іс-шара барысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және ұстау орындары тексеріліп, мал иелеріне ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау, жануарларды уақтылы есепке алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тексеру кезінде заңнама талаптарының бұзылу фактілері анықталды. Тұрғындарға 17 нұсқама беріліп, 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды.
Аудан прокуратурасы мал иелеріне ветеринариялық заңнама талаптарын қатаң сақтаудың маңызын ескертіп, ережені елемеудің салдарын түсіндірді. Мал ұрлығының алдын алу, жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралуына жол бермеу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да аудан прокуратурасының бақылауында болмақ.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
