Перейти к содержимому
Главная страница » Өңіраралық байланыс нығаяды

Өңіраралық байланыс нығаяды

Алматы облысы мен Тәжікстан Республикасының Хатлон облысы арасындағы достық және стратегиялық серіктестік жаңа кезеңге қадам басты. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Давлатали Саид бастаған Хатлон облысы делегациясымен кездесті. Онда тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, өңіраралық әріптестікті дамыту барысын талқылады.

Кездесу Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Осы уақыт ішінде екі ел арасында үкіметаралық және өңіраралық байланыс жүйелі түрде дамыды.
Қазақстан Тәжікстанға астық пен мұнай өнімдерін экспорттайды. Ал Тәжікстан Қазақстан нарығын тоқыма және алюминий өнеркәсібінің өнімдері­мен қамтамасыз етіп келеді. Алматы облысы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы тауар айналымының да тұрақты өсімі байқалады. Былтыр екі тарап арасындағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 60 миллион АҚШ долларын құрады. Бүгінде облыста тәжік капиталының қатысуымен құрылған 7 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал республика бойынша мұндай кәсіпорындардың саны 334-ке жетеді.
Кездесу барысында аймақ басшысы екі өңір арасындағы байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар биылғы сәуір айында екі ел басшылары одақтастық қарым-қатынасты нығайтуға қатысты құжатқа қол қойғанын және бұл ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Екі елдің мәдени және рухани жақындығы тарихтың терең тамы­рымен ұштасады. Бауырластық пен бейбітшілікке негізделген осы құндылықтар бүгін де өзектілігін жойған жоқ.
Тәжікстан – Алматы облысы үшін ма­ңызды әрі сенімді серіктес. Біз бауыр­лас елдің қол жеткізген жетістіктерін жо­ға­ры бағалаймыз. Бүгінде Тәжікстан тұрақ­ты эконо­микалық өсім көрсетіп, ауқым­ды инфрақұрылым және энергетика­лық жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Алматы облысы – қуатты аграрлық және өнеркәсіптік әлеуетке, дамыған көлік-логистикалық мүмкіндіктерге ие өңір. Облыс шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шектеседі. Біз бай мәдени мұрасы мен дәстүрі бар өңір ретінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге әрдайым ашықпыз. Екі өңірдің достыққа негізделген қарым-қатынасының бағыты айқын. Олар – экономиканы әртараптандыру, нарықты кеңейту, жаңа технологияларға қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ гуманитарлық және білім беру салаларындағы байланысты нығайту. Мұның барлығы Алматы облысы мен Тәжікстан халқы үшін нақты нәтижелер беретін ұзақ мерзімді әріптестіктің берік негізін қалыптастырады», – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың да маңызы зор екенін айтты. Қазіргі таңда өңірде тәжік этносының 1 525 өкілі тұрады. Облыс аумағында екі тәжік этномәдени бірлестігі тіркелген.
Аталған бірлестік өкілдері облыс әкімдігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыратын қоғамдық-саяси және мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Олардың қызметі мәдени мұраны сақтауға, этносаралық келісімді нығайтуға және халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті тереңдетуге бағытталған. Алдағы уақытта гуманитарлық салада студенттердің алмасуына, бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға ерекше мән берілмек.
Хатлон облысы делегациясының төрағасы Давлатали Саид сауда-эко­но­микалық, инновациялық және мәдени ынтымақтастықтың бірлескен Жол картасын әзірлеуді орынды деп санайтынын жеткізді.
«Алматы облысында өңіраралық серіктестіктің жаңа үлгісін қалыптас­тыруға қажетті барлық алғышарт бар. Егер бұған дейін негізгі назар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту­ға аударылса, енді бірлескен өндірістер құруға, инновацияларды енгізуге, өнді­рістік кооперацияны дамытуға және заманауи технологияларды игеруге көшу уақыты келді.
Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, инновациялық агротехно­логияларды енгізу, көлік және логис­тикалық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні пайдалану, «жасыл» технологияларды енгізу, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау бағыттарында өзара тиімді жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Сонымен қатар кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты кеңейтуге ерекше мән береміз», – деді Давлатали Саид.
Осылайша, қос тарап тиімді ынты­мақтастықты ілгерілетуге дайын екен­діктерін жеткізіп, өзара достық және әріптестік байланыс орнатты. Болашақта қолға алынған бастамалар екі елдің де түрлі бағыттағы тың жобаларының қарқынды дамуына жол ашпақ.

Гүлзат БАЙҚОНЫС