Перейти к содержимому
Главная страница » Сақтық сан соғудан сақтайды

Сақтық сан соғудан сақтайды

Қазіргі таңда интернет пен цифрлық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн сауда жасау, банк қызметтерін пайдалану, әлеуметтік желілер арқылы байланысу – күнделікті өмірдің қалыпты көрінісі. Алайда осы мүмкіндіктермен қатар интернет алаяқтарының да әрекеті күшейіп келеді. Олар азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі айла-тәсіл арқылы жеке деректерін жымқырып, қаржысын заңсыз иемденуді көздейді.

Ұйғыр ауданында да интернет алаяқтық фактілерінің көп кездесуі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы аудан аумағында интернет алаяқтық бойынша 46 қылмыстық дерек тіркелген. Оның төртеуі ғана ашылып, қылмыстың ашылу көрсеткіші небәрі 26,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш интернет арқылы жасалатын қылмыстарды ашудың күрделі екенін және азаматтардың сақтық шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді.

Сонымен қатар, 2026 жылдың алғашқы бес айында 7 интернет алаяқтық дерегі тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде, яғни 2025 жылдың бес айында 12 дерек есепке алынған болатын. Бұл тіркелген қылмыстар санының азайғанын көрсеткенімен, интернет алаяқтарының әрекеті әлі де толастамай отырғанын аңғартады. Сондықтан әрбір азамат жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын ұстануы қажет. Сақтық шаралары туралы аудандық полиция бөлімі ұдайы азаматтармен кездесулер өткізіп, парақшалар таратып, WhatsApp желісі арқылы түрлі сақтандыруға шақыратын бейнероликтер таратып, профилактикалық шараларды жүргізсе де, алданушылар қатары сиремей тұр. Сонымен қатар азаматтар өздерінің алданғаны туралы құқық қорғау органдарына өте кеш жүгініп жатады. Бұл да қылмыстың ашылуына үлкен тосқауыл.

Интернет алаяқтары көбіне өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе байланыс операторы ретінде таныстырады. Олар азаматтарға қоңырау шалып немесе мессенджерлер арқылы хабарлама жіберіп, «есепшотыңызға қауіп төніп тұр», «атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «ұтысқа ие болдыңыз» деген желеумен жеке мәліметтерді сұратады. Кей жағдайда жалған интернет-дүкендер ашып, арзан бағадағы тауарларды ұсынып, алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шықпай қояды.

Осындай қылмыстардың құрбаны болмас үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Күдікті сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу, тек ресми интернет-ресурстар мен сенімді интернет-дүкендердің қызметін пайдалану да қауіпсіздіктің басты шарттарының бірі. Егер интернет арқылы тауар сатып алатын болсаңыз, сатушы туралы пікірлермен танысып, оның сенімді екеніне көз жеткізген жөн.

Интернет алаяқтықпен күрестің тиімділігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың қырағылығына да байланысты. Заңды білу, жеке мәліметтерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы ғана мұндай қылмыстардың алдын алуға болады.

Алаяқтардың басты қаруы – адамның сенімі мен асығыстығы. Сондықтан әрбір қоңырауға, хабарламаға және қаржылық ұсынысқа сын көзбен қарап, жеке деректеріңізді ешкімге жария етпеңіз. Сақтық – өз қаражатыңыз бен қауіпсіздігіңіздің сенімді кепілі.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ