Талғар қаласының тұрғыны Меруерт Ермекова зергерлік өнер бойынша өз ісін ашқан үздік кәсіпкерлердің бірі. Оның қолынан шыққан бұйымдарды көргенде, олардың ерекше әдемілігі мен тартымдылығына, көп қырлылығына тәнті боласыз.
Өйткені әрбір тас – нағыз өнер туындысы, шыңдалған шеберліктің жауһары іспетті. Оларда ата-бабадан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәжірибе, жүріп өткен жол, өзіндік қолтаңба ізі сезіледі. Бейнелеп айтсақ, бұл өнер Меруерттің бойына әке қаны, ана сүтімен дарыған.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ол ұлттық үлгідегі көрпе-төсек, әртүрлі киім тігу және зергерлік бұйымдарды безеу өнерін анасынан үйренді. Қолөнерге деген сүйіспеншілігі бала кезінен басталған ол кез келген мереке немесе салтанатты шараға моншақ тағып, сәнденіп баруды ұнататын. Ал әдемі киінуге деген құштарлық оның зергерлік шеберлігін нығайтуға бірден-бір түрткі болды. Осылай ол өзінің қолынан шыққан алғашқы өнімі – қазақша сәукелені 17 жасында жасады. Әртүрлі ою және түрлі моншақпен өрнектелген сәукеле эстетикалық тартымдылығымен көптеген жанның көзін қуантты. Дәл осы жағдай оның өз шеберлігін шыңдай түсіп, келешекте өндірілетін бұйымдарды кеңейту бастамасына ықпал етті. Бүгінде оның қолынан шыққан ұлттық стильдегі сырға, моншақ, түйме, білезік, сөмке мен басқа да бұйымдар қыз-келіншектер және апа-әжелер тарапынан үлкен сұранысқа ие.
Меруерттің айтуынша, ол әрбір бұйымды жан-жүрегімен жасайды, барлығын ұсақ-түйегіне дейін ойластырады. Бұйымдарға арналған шикізат ретінде су түбінен алынатын табиғи тастарды пайдаланады. Әрине, ол оңайға соқпайды, бірақ қалай дегенде де өз қолынан шығатын шығармашылық еңбегі. Өз ісін ашып, осындай шеберлік деңгейіне жету үшін ол қазіргі таңда ең көп сұранысқа ие және жалақысы да жақсы мұғалім мамандығынан бас тартты. Өйткені ішкі жандүниесі өнерді қалады. Жеке кәсіппен айналыса жүріп, «Сымбат» дизайн және технология академиясында оқыды. Сөйтіп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын, бұрын білмейтін дағдыларын табандылықпен игерді. Оның пікірінше, қолөнер шеберден асқан шыдамдылық пен табандылықты талап етеді. Уақыт талабына сай болу үшін әрқашан әйелдердің талғамы мен қалауын ескеру қажет.
Бүгінде ол өз ісінің шебері ретінде құнды әшекейлермен жұмыс істейді. Меруерттің эксклюзивті өнімдері еліміздің барлық өңірінде, тіпті атақты адамдар арасында да әбден танымал. Ол өмірдегі өз орнын, өз кәсібін, сол арқылы күнделікті әрі тұрақты нәсібін де тапты деуге болады. Негізі адамның есімі де көп нәрсені білдіретіні рас. Ұлттық дәстүрімізге сай, азан шақырып, қандай ат қойылса, ол адамның міндеті де соған ұқсас болады деген сенім бар.
Оның ендігі арманы – білгенін жас ұрпаққа үйретіп, осы ұлттық өнерді барынша насихаттау. Меруерттің еңбегі Астанада өткен Әйелдер форумында жоғары бағаланып, ол «Қазақстан Республикасының үздік кәсіпкері» белгісімен марапатталды. Жақында тағы бір марапат – «ҚР үздік бизнес-ханымы» медалін алды. Әрине, бұл – үлкен мақтаныш.
Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай кәсіпкерлер – бүкіл еліміздің абыройы. Өйткені олар ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қалыптастырған тамыры терең өнерді сақтап, өз шеберліктерімен одан әрі жаңғыртып келеді. Меруерт енді Талғар қаласында үйлену тойына арналған арнайы көйлектер салонын ашуды жоспарлап отыр. Бұл жерде оның қолынан шыққан әсем әшекейлер де болады. Демек, жеке кәсіп әлі де кеңейіп, дами түспек.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
