Перейти к содержимому
Главная страница » Темірден түйін түйген

Темірден түйін түйген

Темірден түрлі  заттар жасау – әркімнің қолынан келе бермейтін күрделі іс. Өзінің өмірін қиын да қызықты кәсіппен байланыстырған Марс Әлбетов осы салада мол тәжірибе жинақтаған жан. Ол Қаскелең қаласында орналасқан «Металл Сфера Про» компаниясын басқарады. Мұнда металдан әртүрлі күрделі бұйымдар дайындалады.

Марс Кеңесбайұлы өз кәсібін ашу үшін көп ізденді. Студенттік жылдарында сауда саласында қосымша жұмыс істеуге тырысты. Жастық шағында аула сыпырушы болып еңбек етсе, кейін отбасын асырау үшін алты жыл бойы такси жүргізді.
– Бір күні мені жаңадан ашылған металл өңдеу цехына жұмысқа шақырды. – Мен келістім. Бұл шешім өмірімдегі маңызды қадам болды. Біртіндеп шарқайрақпен жұмыс істеуді, сондай-ақ дәнекерлеу аппаратының көмегімен әртүрлі арматура түрлерін біріктіруді үйрендім. Бұл саланың сұранысқа ие және болашағы зор екенін түсінген соң, осы ерекше кәсіптің қыр-сырын тереңірек зерттей бастадым. Білім жинап, тәжірибе қалыптастырғаннан кейін жеке кәсіпкер ретінде өз күшімді сынап көруге бел будым, – де.
    Арманын жүзеге асыру үшін жалға алған ғимаратта шағын цех ашып, тапсырыс қабылдай бастайды. Алайда жұмысты ұйымдастыруда жүйелілік жетіспеді. Сондықтан серіктесімен бірге уақыт пен өндірістік процестерді тиімді жоспарлап, жабдықтарды барынша ұтымды пайдалануға кірісті.
Ең алдымен, бұл – Қытайдан арнайы әкелінген лазерлік станоктар. Олар металды кесіп қана қоймай, берілген параметрлер бойынша түрлі бұйымдар жасауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ қалың металл табақтарды әртүрлі пішінге келтіріп майыстыруға арналған түрік жабдықтарының да маңызы зор.
Қазіргі таңда өндірісте тікелей оншақты адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, тапсырыс қабылдау, эскиздер әзірлеу және дайын өнімдерді өткізу жұмыстарымен айналысатын мамандар бар.
Ең көп сұранысқа ие өнімдердің бірі – витриналар. Айта кету керек, бұл кәсіпорынның алғашқы ірі тапсырысы болған. Оларды Magnum сауда желісінің көптеген супермаркеттерінен көруге болады. Ал SDU University үшін мұнда әр аудиторияда орналасқан дәріс оқитын мінберлер жасалады. Олардың барлығы оқытушыға қолайлы болу үшін арнайы ойластырылған: IT-жүйе, компьютерлік жабдықтар және техниканы салқындатуға арналған желдету жүйесі қарастырылған. Бірегей өнімдердің бірі – алыс жолға қатынайтын жүк көліктеріне арналған себеттер. Олар көлік тіркемесіне орнатылып, қосалқы дөңгелектерді сақтауға пайдаланылады.


    Мұнда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған қоқыс жәшіктерінің кең ассортименті де шығарылады. Сонымен қатар банкоматтардың сыртқы қаптамалары мен басқа да көптеген өнім дайындалады.
Кәсіпорынның ауқымды жобаларының бірі – күзет қызметіне, бақылау-өткізу бекеттеріне немесе серверлік бөлмелерге арналған модульдік ғимараттар өндіру. Оларды асхана, жатақхана немесе дүңгіршек ретінде де пайдалануға болады. Әрбір осындай ғимаратта электрмен жабдықтау, жылыту және кондиционер жүйелері толық қарастырылған. Бұдан бөлек, күн сайын көптеген ұсақ бұйымдар да жасалады.
Бір қызығы, TikTok пен Instagram қолданушыларының көпшілігі Марс Әлбетовті «Темір Марс» деген атпен таниды. Осылайша металмен жұмыс оның өмірлік мақсатына, сүйікті ісіне айналып, уақыт өте келе үлкен сұранысқа ие бизнеске ұласты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы