Перейти к содержимому
Главная страница » Жеке қауіпсіздік – заң қорғауында

Жеке қауіпсіздік – заң қорғауында

Заң мен тәртіп қағидасын қоғамда кеңінен насихаттап, қауіпсіз қоғам, жайлы орта құру, құқықбұзушылықтардың алдын алып, тұрғындарға заң нормаларын қарапайым тілмен түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Соның бір мысалы – Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі мен аудан прокуратурасының желідегі парақшаларында өткен тікелей эфир.
Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының міндетін атқарушы Димаш Қалмашев пен аудан әкімінің баспасөз хатшысы Динара Төлемісова аудан тұрғындары үшін Instagram әлеуметтік желісінде тікелей эфир өткізіп, «Заңсыз қудалау – сталкинг» тақырыбында сөз қозғады. Димаш Темірланұлы сталкинг, «Оны қалай тануға болады?», «Мұндай жағдайға тап болғанда қайда жүгіну қажет?» және «Заңда қандай жауапкершілік көзделген?» деген сияқты өзекті сұрақтардың нақты жауап беріп, бұл мәселені жан-жақты түсіндіріп өтті.
Айта кетейік, 2025 жылғы 16 шілдеде қабылданған өзгерістерге сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 115-1-баппен толықтырылған болатын. Аталған бапқа сәйкес, адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға немесе аңдуға бағытталған, елеулі зиян келтіруге алып келген заңсыз қудалау әрекеттері үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алу түріндегі жаза көзделген.
«Жаңа заң нормасы азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз етуге, заңсыз қудалаудың алдын алуға және әр адамның қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар күмәнді немесе заңсыз қудалау белгілері байқалған жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгіну керек», – деген прокурор азаматтардың жеке қауіпсіздігіне қатер төндіретін, адамның еркінен тыс байланыс орнату, жүйелі түрде аңду, мазалау, қорқыту және психологиялық қысым көрсету секілді әрекеттердің заңсыз қудалау болып саналатынын айтты.
Тікелей эфир барысында желі оқырмандары сұрақ қойып, жауаптарын алды. Мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ