Перейти к содержимому
Главная страница » Жастар қауіпсіздігі басты назарда!

Жастар қауіпсіздігі басты назарда!

Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Балқаш ауданында тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Осы бағыттағы кезекті кездесу Бақанас ауылындағы спорт кешенінде өтті. Іс-шараға Балқаш ауданы полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Азамат Абдрахманов қатысып, жастар мен жасөспірімдерге құқықтық тәрбие, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздік мәселелері бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесудің басты мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу болды. Іс-шара барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, көшеде, қоғамдық орындарда және білім беру ұйымдарында өзін қауіпсіз ұстау ережелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы және құқық бұзушылықтың салдары жөнінде нақты мысалдар келтірілді.
Жиында соңғы жылдары өзекті мәселеге айналған интернет алаяқтықтың алдын алу тақырыбы да кеңінен қозғалды.
«Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау бағытындағы түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да Балқаш ауданында тұрақты түрде жалғасатын болады.

Алтынай СЕЙІТКЕН Балқаш ауданы