Перейти к содержимому
Главная страница » Алматы облысында 35 мыңнан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ

Алматы облысында 35 мыңнан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ

Алматы облысында тамыз конференциясы «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбында өтті. Мұғалімдер жиынында облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов баяндама жасап, орта білімнің маңыздылығы туралы сөз қозғады.
– Бұл жай ғана мектепте алған пәндік білімдер жиынтығы емес, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуының, кәсіби болашағының және тұтас қоғам дамуының негізі, – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, 2026-2027 оқу жылында 502 жалпы білім беретін мектептерде 384 786 оқушы білім алады деп жоспарлап отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім болжаммен 5 262 оқушыға артып отыр.
Ауылды жерде орналасқан 381 (84,2%) мектепте 300 мыңға жуық оқушы оқыса, 73 (16,1%) шағын жинақталған мектепте 6 мыңға жуық бала білім алады.
2026–2027 оқу жылында 1-сыныпқа 35 205 бала қабылдау жоспарлануда (2025-2026 оқу жылында 34 977 бала 1-сыныпқа қабылданған болатын). Бүгінгі күнге дейін 32 033 баланың ата-анасынан өтініш қабылданды.
2025-2026 оқу жылын 18 722 түлек аяқтады. Оның 1 831-і «Алтын белгімен» аяқтаса, 1 675-і «Үздік аттестат» иегері атанды.
16 763 түлек Ұлттық біраңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысып, 68,5% пайызы шекті балл деңгейінен жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға өсім бар (2025 жылы – 67,2 %).
Тестілеу нәтижесі бойынша бүгінгі күнге 7 228 түлек (43,1%) мемлекеттік білім беру грантын иеленді (2024–2025 оқу жылында 17 940 түлектің 7 681-і грант иегері атанған болатын 42,8%).
Халықаралық университеттердің грант иегерлер саны – 184. Сонымен қатар, әлі жоғарғы оқу орындарының ректорлық грант иегерлері қосымша анықталатын болады.
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы іске асырылады.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан 63 203 балаға (ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес орта есеппен әр балаға 50 851 теңгеден) мектеп формасын алу үшін 3 млрд. 213 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, қайырымдылық акциясы аясында облыс, аудан, қала әкімдері мен облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті білім бөлімдерінің басшылары және демеушілердің қолдауымен аз қамтылған отбасынан шыққан 18 941 балаға 270,1 млн теңге қаражатқа мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін көмек көрсетілуде.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА