Перейти к содержимому
Главная страница » Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ұстаздарға зор сенім артты

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ұстаздарға зор сенім артты

«Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбында өткен дәстүрлі тамыз кеңесіне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, мұғалімдер алдында тұрған міндеттерді саралап өтті.
– Білім саласы – өте күрделі сала. Білім саласындағы проблемалар нақты жұмыстар арқылы шешімін табады. Осы тұста педагогтар құзыреттілігінің жоғары болуы аса маңызды. Оқушы да, ата-ана да, мемлекет те сіздерге болашағын тапсырып, зор үміт күтеді.
Оның дәлелі, Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясын қабылдап, ұстаздар қауымына, білім беру саласына және өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше тоқталып, Жаңа Конституцияны қабылдау – ең алдымен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, сананы жаңғырту екенін атап өтті.
Мұндағы басты міндет: Жаңа Ата Заң жастарға дұрыс бағыт-бағдар беретін басты құжатқа айналуы тиіс;
Екінші міндет: «Адал азамат» және озық білім: Білім алушыларға жалаң білім беріп қана қоймай, жаңа конституциялық құндылықтарға сай адал, патриот, сыни ойлай алатын және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу;
Үшінші міндет: Білім саласын цифрландыру және жасанды интеллект (ЖИ) платформаларын енгізу арқылы мұғалімдердің қағазбастылығы мен артық есептілігін түбегейлі азайту;
Төртінші міндет: Шағын жинақты мектептердегі білім сапасын арттыру үшін Qazaq Digital Mektebi жобасын іске қосу;
Бесінші міндет: Сапалы білімге тең қолжетімділік. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу арқылы оқушыларға да, ұстаздарға да қолайлы орта құру.
Бұл тапсырмалар білім беру жүйесін жаңғыртуға және ұрпақ тәрбиесіне жаңа серпін беруге бағытталған. Сондықтан баршаңызды өнімді, нәтижелі еңбек етуге шақырамын.
Жаңа оқу жылы тың серпін мен жарқын жетістіктерге толы болсын! – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА