Іле ауданында Құрылтай сайлауы күні ерекше акция өтті. Ұшақтан секірген парашютшы сайлау учаскесіне қонып, өз таңдауын жасады. Бұл ерекше қадам – ел болашағына деген биік мақсаттар мен азаматтық белсенділіктің жаңа символы.
Аспанда парашютшінің пайда болуы сайлау учаскесіне жиналғандар үшін күтпеген жағдай болды. Тұрғындар бірнеше минут бойы оның әуеден төмендегенін бақылап, белгіленген жерге қонуын тамашалады.
Ерекше акцияны жүзеге асырған — запастағы офицер, парашюттік даярлық буынының командирі және тандем-нұсқаушы Тимофей Меркулов.
Ол парашют спортымен кәсіби деңгейде айналысады. Ол бұған дейін Мысырдағы әйгілі пирамидалар маңына қонған алғашқы қазақстандық спортшы атанған. Сондай-ақ Эльбрусқа парашютпен секіріп, АҚШ-та ұйымдастырылған халықаралық 100-way формациясына қатысқан. Оның еншісінде түрлі үлгідегі парашюттермен жасалған 1700-ден астам секіру бар.
Тимофей Меркуловтың айтуынша, бұл жолғы секіру спорттық көрсетіліммен ғана шектелмейді. Ол осындай тәсілмен авиация мен парашют спортына қызығушылықты арттырумен қатар, елдегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға назар аударуды көздеген.
«Жақында өңірде “Байсерке аспаны” авиациялық фестивалі өтті. Ол авиация мен парашют спортына деген қызығушылықтың жоғары екенін тағы бір көрсетті. Бүгін осы тақырыпты ерекше форматта жалғастырып, сайлау учаскесінің маңына секіруді ұйғардық. Осы арқылы авиацияға, парашют спортына және еліміз үшін маңызды оқиға Құрылтай сайлауына назар аударғымыз келді. Мен үшін дауыс беруге қатысу азаматтық міндет. Әр адам өз таңдауын өзі жасайды және сол үшін жауап береді», — деді ол.
Парашютшінің қонуы дауыс беруге келген тұрғындардың назарын аударды. Бірі тосын көріністі телефонға түсірсе, енді бірі спортшының жерге қонған сәтін бақылау үшін аялдады. Артынша тұрғындар сайлау учаскесіне кіріп, дауыс беруге қатысты.
Осылайша, Іле ауданындағы Құрылтай сайлауы дәстүрлі дауыс беру рәсімімен қатар, ерекше авиациялық акциямен де есте қалды.

Іле ауданы