Перейти к содержимому
Главная страница »  БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛДЫ

 БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛДЫ

Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында қоныс тепкен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» әскери-спорттық ойыны өтті. Мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу, жасөспірімдердің дене дайындығын жетілдіру, әскери-қолданбалы спорт түрлеріне қызығушылығын арттыру.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті ювеналдық полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Ботагөз Жалекешева  өткізіліп отырған сайыстың мақсат-міндетіне тоқталды.

– Ішкі істер министрлігі биылғы жылды «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ» жылы деп жариялады. Осы атаулы жыл аясында еліміздің барлық өңірінде құқықбұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын сақтау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Бұл жолы құқықбұзушылықтың алдын алуды ойын арқылы насихаттауды жөн көріп отырмыз, – деді Ботагөз Маратқызы.

Одан кейін облыстық прокуратураның өкілі Нәкен Нұрдаулет пен білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева бүгінгі сайыстың  дене дайындығын шыңдап қана қоймай, жастарды тәртіпке, жауапкершілікке, өзара көмекке тәрбиелейтінін айта келе,  ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Келесі кезекте әскери-спорттық ойынның басталуымен құттықтаған облыстық  балалардың құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Кененбаева «Заң мен тәртіп» қағидаты  талаптарын сақтау, өз құқығы мен міндетін білу, қоғамдық тәртіпті құрметтеу және әр әрекетке  жауапкершілікпен қарау секілді құндылықтар өскелең ұрпақ бойынша жастайынан қалыптасса, қоғамның  қауіпсіз әрі тұрақты болатынына жұртшылықтың назарын аударды.

Жиналған қауым облыстық полиция департаменті кинология қызметі орталығының қызметтік иттерінің және арнайы жасақтың, әскери-патриоттық сыныптар шәкірттерінің өнерін тамашалады.

Ресми бөлім мәресіне жеткен соң, көпшілік тағатсыздана күткен жарыс та басталды. Тартысқа толы болған бәсеке барысында командалар өздерінің физикалық дайындығын, шапшаңдығын, дәлдігін және ұйымшылдығын паш етті. Олар  АК-74 автоматын бөлшектеу және жинақтап, граната лақтырып, газ тұмылдырық пен қорғаныс киім киюден  сынға түсті. Сонымен қатар кедергілер жолағын бағындыру, арқан тартыс, пневматикалық мылтықпен нысана көздеуден кім мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысында үлкен топтар арасында «Азат» командасы, кіші топтар бойынша  «Asau» командасы жеңімпаз атанды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы