Перейти к содержимому
Главная страница » БАСТАУЫШ СЫНЫПТА БАҒАЛАУ ӨЗГЕРДІ

БАСТАУЫШ СЫНЫПТА БАҒАЛАУ ӨЗГЕРДІ

Жаңа оқу жылы жаңа өзгерістермен басталмақ. Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне қатысты шешім қабылдады. Елімізде 1 қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушыларының оқу үлгерімдерін бағалау жүйесі өзгереді. Енді 1-4-сынып оқушылары бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) жұмыстарын жазбайды. Оның орнына жеткіншектердің білімі жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін бағалау нысандары арқылы анықталмақ.

Оқу-ағарту ми­нистр­лігінің мәлім­­демесіне сүйенсек, бастауыш сынып­тардағы бағалау жүйесінің тиімділігі­не қатысты реформа Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, жан-жақты зерделеніпті. Талдау бірнеше бағыт бойынша жүргізілген. Мұнда ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары, білім беру ұйымдарының тәжірибесі, 4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау мониторингінің нәтижелері мен бастауыш сынып шәкірттерінің жас ерекшеліктері ескерілген. Зерттеу нәтижесінде бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау әркез оқушының білім жетістігін толық әрі объективті бағалауға мүмкіндік бермейтіні және анықталған жүйенің балаларға қосымша оқу және эмо­ционалдық жүктеме түсіретіні де белгілі болған. Осыған байланысты аталған министрлік 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері мен бағалау нысандарын қайта қарау туралы шешім қабылдады.
Бірнеше жылдан бері оқу процесін­де қолданылып келген БЖБ, ТЖБ-ның орнына бұрынғы дәстүрлі әдіс енгізілмек. Яғни, бастауыш сынып оқушыларының оқу бағдарламасын меңгеру деңгейін бұрынғыдай диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары, практикалық жұмыстар, шығармашы­лық жұмыстардың қорытындысымен бағалайды.
Оқу-ағарту саласы мамандарының айтуынша, мұндай тәсіл пәндік білімді неғұрлым объективті бағалауға, оқу және жазу сауаттылығын дамытуға, функционалдық сауаттылықты қалып­тастыруға, сыни ойлау қабілетін жетілдіруге, коммуникативтік және когнитивтік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Бұдан бұрын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қазіргі бағалау жүйесін қайта қарау­дың негізгі себептерін түсіндірген. Бас ұстаздың пікірінше, қолданыстағы жүйеде ТЖБ 50 пайызын құрайды, ал қалған 50 пайызы күнделікті қалыптастырушы бағалау мен БЖБ нәтижелеріне байланысты болған. Демек, оқушы тоқсан бойы барлық тапсырманы орын­дап, сабаққа тұрақты қатысып, БЖБ-дан жақсы нәтиже көрсет­кенімен, ТЖБ-дан төмен балл алса, оның тоқ­сандық бағасы төмен­деп кетуі мүмкін еді. Жұлдыз Сүлейменова: «Біздің ойымызша, бұл әділетті емес. Өйткені бастауыш мек­тепте басты мақсат – баланы бағалау емес, оның білімге деген қызығушылығын қалыптастыру, өзіне деген сенімін нығайту. Сондықтан біз балалар үшін қолайлы, әділ әрі дамытушы бағалау жүйесін қарастырып жатырмыз», – деген еді.
Жаңа жүйеге көшудің тағы бір себебі – ұстаздардың уақытын үнем­деп, материалдық шығынды азайту. Қолданыстағы әдісті жүзеге асыру барысында бастауыш сынып мұғалімі бір жылда 4 мың ақ парақ жұмсаса, осы жұмыстарды тексеруге 112 сағатқа жуық уақыт кететін көрінеді. Министр «Жаңа бағалау тәсілі қағазбастылықты азайтып қана қоймай, оқушылардың қолмен жазу дағдысын дамытуға және олардың когнитивтік қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік береді» деп түсіндірді. Қазіргі уақытта бағалау жүйесін өзгертуге байланысты қолданыстағы №125 бұйрыққа өзгерістер енгізілуде. Жаңа бастама Астанада өткен бастауыш сынып мұғалімдерінің республикалық жиынында да талқыланған. Басқосуға қатысқан педагогтердің көпшілігі БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау жөніндегі министрліктің ұсынысын қолдады.
Бағалау жүйесін жетілдіру жұмысы әлі де жалғасады. Оқу-ағарту министрлігі өзгерген тәсілдің басты мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының білім деңгейін әділ бағалау ғана емес, олардың оқуға деген ынтасын арттыру екенін айтты. Жаңа өзгерістер балалардың жас ерекшеліктеріне сай бағалау жүйесін қалыптастыруға, функционалдық сауаттылықты дамытуға және оқу процесінің сапасын арттыруға бағытталған. Осы мәселе жөнінде ұзақ жыл бойы бүлдіршіндердің алғаш мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап сауатын ашып, мыңдаған шәкіртті шығарып салған ұстаздардың пікірін тыңдап көрдік.
Зейнеткер ұстаз Гүлшат Бұхарақызы БЖБ, ТЖБ әдісіне түбегейлі қарсы. «Мен отыз жылдан астам уақыт бастауыш сыныптарға сабақ бердім. Содан түйгенім, бұрынғы бақылау жұмысы, диктант, мазмұндама, шығарма баланы шыңдай түсенді. Диктант сауаттылыққа үйретсе, мазмұндама баланың есте сақтау қабілетін арттырады. Ал шығарма жазарда оқушы кітап оқып, білім базасын байытады. Қазіргі балалардың дені кітап оқымайды, ізденбейді. Керісін­ше жиынтық бақылау жұмыстарын ғаламтордан көшіреді. Дәстүрлі әдісті енгізу тиімді шешім деп ойлаймын», – дейді ол.
Ал жаңа оқу жылында жас жеткіншектермен қайта қауышқалы отырған бастауыш сынып мұғалімі Гүлшат Шыныбаеваның айтуынша, өзгерістің тиімді де, тиімсіз де жақтары бар. «Оның әсері мұғалімнің бағалау тәсіліне және мектептің жұмысын қалай ұйымдастыратынына байланысты. Тиімді жақтарына келсек, 1-4-сынып оқушыларының емтихан мен бақылау жұмысына байланысты күйзелісі азаяды. Мұғалім сабақ барысында оқушының білімін үздіксіз бақылап, бағалай алады. Оқушылар тек бір күнгі бақылау жұмысына емес, күнделікті оқуына көбірек көңіл бөледі. Мұғалімнің қағазбастылығы азайып, оқытудың сапасына кеңінен уақыт бөлуге мүмкіндік туады», – дейді ұстаз.
Дегенмен, жаңа оқу жылының басталуына санаулы-ақ күн қалғанын ескерсек, ескінің орнын басатын жаңа әдістеме сақадай-сай дайын тұруы тиіс еді. Г.Шыныбаева осы тұстағы кемшілікті де саралап берді. «Бірыңғай қорытынды бағалау жүйесі­нің жоқтығынан кейде бағалауда мектептер мен мұғалімдер арасында айырмашылық болуы және кейбір ата-аналарға баласының тоқсан соңындағы нақты білім деңгейін салыстыруы қиындауы мүмкін. Егер бағалау жүйелі жүргізілмесе, оқушының біліміндегі олқылықтар уақытында байқалмай қалуы ықтимал. Жалпы алғанда, егер мұғалім күнделікті қалыптастырушы бағалауды сапалы жүргізсе, БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау бастауыш сынып оқушылары үшін пайдалы болуы мүмкін. Өйткені бұл жастағы балалар үшін оқу процесіне қызығушылық пен психологиялық жайлылық жоғары нәтижеден де маңызды. Ал бағалау жүйесі дұрыс ұйымдастырылмаса, бұл өзгерістің тиімділігі төмендеуі мүмкін», – дейді ол.
Министр ауысқан сайын білім саласына жаңа реформа енетініне куә болып жүрміз. Тың өзгеріске икемделу үшін алдымен мұғалімдерді уақытында қажетті ресурспен қамтамасыз етсе дейміз. Бірыңғай бағалау әдістемесіне қатысты оқу-әдістемелік құралдар, көрнекіліктер жаңа оқу жылына дайын ба? Бастауыш сынып мұғалімдері білік­­тілігін арттыру курстарынан өткен бе? Осындай сан сауал мен мәселелер шешімін тапса игі. Сонда жас жеткін­шектеріміздің көңілі алаң болмай, сапалы білім алып, жарқын болашаққа жол тартар еді.

Елгүл НҰҒЫМАН,
журналист