Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Бірнеше түйеден бес мың басқа дейін: Сыдық Дәулетов Іле ауданында дауыс берді

Бірнеше түйеден бес мың басқа дейін: Сыдық Дәулетов Іле ауданында дауыс берді

65 қаралым

23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауында «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығының негізін қалаушы, белгілі кәсіпкер Сыдық Дәулетов Іле ауданындағы №1062 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Сыдық Дәулетовтің Іле ауданымен байланысы осыдан ширек ғасыр бұрын басталған. 2001 жылы Ақши ауылында құрылған шаруашылық бастапқыда санаулы түйеден басталған еді. Жылдар өте кәсіп өркендеп, бүгінде шаруашылықтағы түйе саны бес мыңға жуықтаған.
Кәсіпкердің есімі 2025 жылы ерекше оқиғамен де танылды. Іле ауданында ұйымдастырылған ауқымды түйе керуені Гиннестің рекордтар кітабына еніп, қазақтың дәстүрлі түйе шаруашылығына халықаралық деңгейде назар аудартты.
Дауыс бергеннен кейін Сыдық Дәулетов ауыл тұрғындарымен тілдесіп, өзі ширек ғасырға жуық еңбек етіп келе жатқан Ақши ауылының бүгіні мен болашағы жайлы пікір білдірді.
– Менің тірлігім де, кәсібім де осы ауылмен байланысты. Осында шаруашылықты бастадық, осында өсіп-өндік. Ауылдың берекесі — еңбекте. Мал шаруашылығын сақтап, оны заманға сай дамыту маңызды. Ақшидың өсіп-өркендеп, елдің амандығы мен тыныштығы арта беруін тілеймін, — деді Сыдық Дәулетов.
Бүгінде «Дәулет-Бекет» атауы Ақши ауылымен қатар аталады. Бірнеше түйеден басталған шағын шаруашылықтың мыңдаған басқа жетуі – ұзақ жылдар бойғы еңбектің нәтижесі.
Сыдық Дәулетов үшін бүгінгі сайлау да туған жермен байланысты маңызды сәттердің біріне айналды. Ол дауысын өзі еңбек етіп, кәсібін қалыптастырған Іле ауданында берді.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ