Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ғасыр әже елмен бірге таңдау жасады

Ғасыр әже елмен бірге таңдау жасады

73 қаралым

Бүгінгі Құрылтай сайлауында тыл ардагері, Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны, 104 жастағы Күлпара Шортанова өз таңдауын жасады. Ғасырлық ғұмыр иесі ел болашағына бейжай қарамай, немере-шөберелерінің жарқын келешегі үшін дауыс берді.
Ғасыр куәсі болған ақ жаулықты ананың бұл қадамы – жас ұрпаққа үлгі, ел тағдырына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі болды. Бүгінгі таңда алтын құрсақты әжеміз 39 немере, 73 шөбере, 7 шөпшек сүйіп отыр.
Ғасырдан да ұзақ ғұмыр жасаған кейуана құрылтай сайлауында үйінен дауыс беру үшін өтініш түсірген. №573 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Жанболат Бәйімбетов, комиссия мүшесі Бейбітгүл Ақбаева Күлпара әжейдің үйіне бюллетень мен сайлау жәшігін алып келді.
«Құрылтай үшін дауыс беру мен үшін, әулетіміз үшін маңызды. Ұрпақтарымыздың дені сау, ел іргесі тыныш болсын!» – деген Күлпара әжеміз көпшілікке ақ батасын берді.
Ғасыр жасаған әженің 86 жастағы ұлы Марат, немерелері – 51 жастағы Олжас пен 26 жастағы Бейбіт және 19 жастағы шөбересі Бақтияр да сайлау учаскесіне барып өз таңдауларын жасады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы