
Апта басында Қарасай ауданы әкімдігінінің жиынжайында Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарын газбен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жиын өтті. Алқалы басқосуға ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының өкілдері, жекеменшік газ тарату ұйымдарының басшылары мен қоғамық ұйымдар өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Ғани Айдарұлы отырыстың мақсат-мүддесін түсіндіре келіп, жұртшылықты ашық пікір алмасуға, екіжақты тиімді әңгімеге шақырды. Осыдан кейін сөз алған Қайырхан Серікұлы жиынға келген көпшілікке алғысын білдіріп, халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету барысында атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттің бұл бағыттағы ұстанып отырған саясаты жайында кең көлемде әңгімелеп берді.

– Ең алдымен газ бағасының қалыптасуын қарапайым әрі жұртшылыққа түсінікті тілмен айтып өткім келеді, – деді ол сөзінің басында. – Яғни, тауардың бағасын қалыптастыру кезінде қандай шығындар есепке алынатыны маңызды.
Бүгінде елімізде қолжетімді газ ресурстарының көлемі жылына 27 млрд текше метрді құрайды. Сонымен бірге жыл сайын қазақстандықтар тұтынатын көгілдір отын көлемінің де артып келе жатқанын айту керек. 2022 жылы бұл көрсеткіш 19,3 млрд текше метр болса, өткен жылы 21,6 млрд текше метрге жетті. Бұл елдімекендерді газдандыру жұмыстарының нәтижесі. Осы үш жыл ішінде елдімекендерді газдандыру 57 пайыздан 64 пайызға дейін артып отыр. Егер мұны адам санына шағып айтар болсақ, тұтынушылар саны 11 миллионнан 12,6 миллионға артқанын аңғарар едік. Сонымен қатар өнеркәсіп саласының дамуы, ірі энергетикалық жобалар да жүзеге асуда.
Осылайша көгілдір отынға деген сұраныс ұсынысқа қарағанда жеделірек өсуде. Осы қажеттілікті толығымен өтеу үшін Ұлттық газ компаниясы тұтынушыларды газбен тұрақты қамтамасыз ету сұрақтарын шешіп келеді. Газ өндірудің шамамен 47 пайызын еліміздегі үш кен орны, атап айтқанда, Атырау облысындағы Теңіз және Қашаған, Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ кен орны беріп отыр.
Енді Алматы мен Жетісу облыстарын газбен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, бұл аймақтар үстіміздегі жылы 3,7 млрд текше метр газды тұтынып үлгерді. Бұл – еліміздің барлық өңірі арасында жоғарғы көрсеткіш. Батыс өлкелерден жеткізілетін құбырлардың ұзындығы 3300 шақырымды құрап отыр. Сонымен қатар көгілдір отын құбырының бір бөлігі оңтүстік өңірлерге Өзбекстан аумағынан өтетінін де ескеру керек. Осылайша, газды өндірушілерден сатып алғаннан басқа, тасымалдау үшін де көп қаражат жұмсалып келеді. Мыңдаған шақырымнан газды құбырлар арқылы тасымалдау, оған қажетті күрделі механизмдерді күтіп ұстау, жөндеу жұмыстарын жүргізу – осының барлығы газ бағасына кіретінін ескеру керек.
Жалпы алғанда көгілдір отын бағасын қалыптастыру мемлекет тарапынан екшеленеді. Газдың көтерме бағасын Энергетика министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі келісе отырып белгілейді. Мұның сыртында газды тасымалдаушылар мен сатып алатын компаниялардың үлесі де ескерілетінін айту керек. Мемлекет газ тұтынушыларына бір текше метр үшін субсидия тағайындаған. Осыған байланысты «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының шығыны бір жылда 86 млрд теңгеге жетіп отыр. Сондықтан болашақта халықты көгілдір отынмен тұрақты әрі сенімді қамтамасыз ету үшін газ құнын нарыққа бейімдеп отыру керек.
Осыдан кейін баяндамашы жекеменшік үйлер мен пәтерлерде газ төлемінің мөлшері, әлеуметтік осал топтарға мемлекет тарапынан жасалынатын жеңілдіктер турасында, атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы жайында айтып берді. Сонымен қатар елімізде газ өндіру, оны өңдеу және тасымалдау бағытында жасалынып жатқан жұмыстар сөз болды. Атап айтқанда, алдағы жылдары Қазақстанда салынуы тиіс төрт газ өндеу зауыты іске қосылса, елдің импортқа деген тәуелділігі азайып, тиісінше бағаның тұрақтылығы қалыптасатыны сөзсіз. Сонымен бірге пайдаланып жүрген газ құбырларының ескірген, тозған бөліктерін айырбастау жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп келеді.
Жиын барысында сөз алған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәскекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова халықты газбен қамтамасыз ету саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет беріп өтті.
Жиынға қатысқандар лауазымды тұлғаларға өздерін мазалап жүрген сауалдарын жолдап, газ тасымалдаушы жеке компаниялардың баға саясаты, жеке үйлерге газ құбырын тарту құны, тұтынушыларға сатылатын көгілдір отынның төлемін деференциалды қалыпқа келтіру, әр өңірде өзгеріп тұратын отынның құнын ретке келтіруге қатысты жауаптарын алды. Билік өкілдері бұл салада халықпен кеңесе отырып жұмыс жасауға дайын екенін жеткізді.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

