Перейти к содержимому

Қыс қамы қызу қарқынмен!

23 қаралым

     Шіліңгір шілденің ыстығын өткерген Райымбек ауданының жұртшылығы қытымыр қысқа қамданып, төрт-түліктің қысқы азығын дайындауға кірісті. Ауыл-ауылда шөп шабу науқаны қызу қарқын алуда. Ауыл шаруашылығы техникалары күн-түн демей, шаруалармен шабындық басында өз жұмыстарына сақадай сай.

    Таулы өлкенің қысы белгілі. Осыған орай, шаруалар ерте қамданып, шөп шалғы басына ілінуге келгенде сайлана бастайды. Биыл Райымбек ауданы  бойынша жалпы 209382,6 гектар шабындық жерден шөп шабу жоспарланған. Қазіргі уақытта аудан бойынша, 17566 гектар жерден 89714,7 тонна шөп жиналды.

    Шөп шабу науқанының уақытылы әрі сапалы жүргізілуінде жанар-жағармай қорының жеткілікті болуы маңызды. Осыған байланысты биылғы шабындыққа қажетті жанар-жағармай бөлініп, шаруашылықтарға тиісті көлемде жеткізу жұмысы ұйымдастырылуда. Бұл шаруалардың техникаларын үздіксіз жүргізіп, шөп дайындау науқанын белгіленген мерзімде аяқтауына мүмкіндік береді. Жанар-жағармайдың уақытылы қамтамасыз етілуі – науқанның қарқынды жүруінің негізгі алғышарттарының бірі.

  Райымбек  аудандық ауыл шаруашылығы саласы мамандарының айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына шаруа қожалықтарының сұранысы бойынша, 638,4 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, ауылдық округтер бойынша дизель отынын алу жұмысы толық аяқталды. Ал күзгі дала жұмысына қажетті арзандатылған дизель отыны бойынша шаруа қожалықтарынан 236,7 тоннаға өтінім берілді. Қазіргі таңда дизель отынының бағалары нақтыланды. Атап айтқанда, жанармайды Алматы қаласынан шаруалардың өздері жеткізген жағдайда 1 литрі 294 теңгені, ал Райымбек ауданының өзіндегі Текес ауылдық округіндегі модульдік стансадан өздері алған жағдайда 307 теңгені құрайды. Сондай-ақ қазіргі уақытта  күзгі дала жұмысына арналған арзандатылған дизель отынын жеткізетін оператор анықталуда.

    Шөп шабу науқанына қажетті ауыл шаруашылығы техникалары да толықтай жұмылдырылды. Атап айтқанда, Райымбек ауданы бойынша 344 трактор, 164 шөп шапқыш, 127 тырмалау агрегаты және 151 тайлағыш-жинағыш шабындық жұмысына тартылған. Техникалардың уақытылы әрі тиімді пайдаланылуы шөп шабу науқанын белгіленген мерзімде аяқтап, мал азығын сапалы әрі жеткілікті көлемде дайындауға мүмкіндік береді.

     Аудан шаруаларының еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс тиімділігін күшейту мақсатында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмысы да тұрақты жүргізілуде. 2025–2026 жылдары ауданның шаруа қожалықтары 88 трактор және 100-ге жуық түрлі ауыл шаруашылығы техникалары мен агрегаттарын жаңадан сатып алды. Бұл жаңа техникалар шаруалардың дала жұмысын уақтылы әрі сапалы жүргізуіне мүмкіндік беріп, еңбек өнімділігін арттыруға оң ықпал етуде.

     Биыл Райымбек ауданында ерекше қуаңшылық пен шөп тапшылығы байқалған жоқ, демек, әр ауылдық округтегі жағдай қанағаттанарлық. Жылдың дәл осы мерзімінде шаруалар ерекше әлекке түсіп, нағыз еңбек үлгісін көрсетеді. Жоғарыда аталған сандарды жазу оңай болғанымен, бұл көрсеткішке жетудің әлегі көп. Техника тапшылығы, бұзылуы, ауа райының тосын мінезі – бәрі-бәрі өз кезегінде шаруаларды әбігерге салады. Шөп жаңа шабылған шақта тосыннан жаңбыр жауып, тырмақтау үрдісіне келмей қалып, бірнеше күн үзіліс жасауға мәжбүрлейтін жағдаяттар жиі кездеседі. Құбылмалы ауа райына қарсы тұрар қауқар жоқ. Қалауын тауып, науқанды әупірімдеп аяқтап бір серпілетін Райымбек ауданының  жұртшылығы сабан тойға аман-есен жетіп, аспантаулар өлкесінде өнім көп болса деген тілекте.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы