Перейти к содержимому

АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ

17 қаралым

«Таза Қазақстан» – тазалық пен тәртіпке ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ортақ жауапкершілікке үндейтін жалпыұлттық бастама. Аталған акция аясында Қырбалтабай ауылдық округінде «Ауылым – алтын бесігім» атты тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл аумағының тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жерге деген жанашырлық сезімді арттыру.

Тазалық жұмыстарына «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жасақшылары белсене атсалысты. Жастардың күшімен «Есік–Қырбалтабай–Жетіген» бағытындағы 18 шақырым жол бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жол жиектері ретке келтірілді. Жол бойындағы шашылған қоқыстар жиналып, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Жастардың мұндай игі іске белсенді қатысуы – олардың туған жерге деген сүйіспеншілігінің, табиғатқа деген жауапкершілігінің және қоғамдық жұмыстарға деген азаматтық ұстанымының айқын көрінісі.

«Жасыл ел» жасақтарының тазалық жұмыстарына қатысуы тек қоршаған ортаны көркейтуге ғана емес, жас ұрпаққа еңбекқорлықты, ұйымшылдықты және туған жерге жанашыр болуды насихаттауға да зор ықпал етеді.

Ауыл – халқымыздың рухани тамыры, ұлттық құндылықтарымыздың алтын діңгегі. Әр адамның балалық шағы, қуанышы мен естелігі туған ауылымен тығыз байланысты. Сондықтан ауылдың тазалығы мен көркеюі – сол елді мекенде тұратын әрбір тұрғынның ортақ міндеті.

«Тазалық – бір күндік науқан емес. Ол күнделікті мәдениет пен әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Өзіміз тұратын ортаны таза ұстау, қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, табиғатты аялау – баршамызға ортақ міндет»,– дейді «Жасыл ел» жастары.

Қырбалтабай ауылдық округінде ұйымдастырылған бұл іс-шара да туған жердің тазалығы мен көркеюіне бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы