Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім беру саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Бақытжан Жұмағұлов бастаған бір топ ғалым арнайы іссапармен Балқаш ауданына келді.
Делегация құрамында ҚР Ұлттық инженерлік академиясы президиумының вице-президенті – Бас ғылыми хатшы, техника ғылымдарының кандидаты Жеңіс Бағашарова, ҚР ҰИА вице-президенті, «Робототехника және өндірісті автоматтандыру» бөлімшесінің төрағасы, академик Амандық Түлешов, ҚР ҰИА вице-президенті, «Есептеу техникасы және ақпараттық технологиялар» бөлімшесінің төрағасы, академик Нұрлан Темірбеков, академия президентінің кеңесшісі Данияр Исмаилов, бағдарламаның ғылыми жетекшісі, ҚР ҰИА «Мұнай және химиялық технологиялар» бөлімшесінің төрағасы, академик Мун Григорий болды. Ғалымдар Бақанас ауылының кіреберісінде орналасқан «NeoCarbon» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік қызметімен танысты.
Құрметті меймандарды Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов пен «NeoCarbon» ЖШС-ы шаруашылық басшысы Ермұхан Бейсембаев Бақанас ауылындағы Д.Қонаев атындағы саябақтан қарсы алды. Сапар Дінмұхамед Қонаевтың еңселі ескерткішіне тағзым етуден басталды. Қазақ халқының біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына құрмет көрсеткен қонақтар саябақта өзара пікір алмасып, бақ дарыған өңірдің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелесті. Одан кейін делегация мүшелері «NeoCarbon» ЖШС-ы өндіріс орнына барып, күріш қауызынан инновациялық өнім өндіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысына қанықты.
Өндіріс орнында бағдарламаның жауапты орындаушысы, химия ғылымдарының докторы, ҚР ҰИА корреспондент-мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары Сергей Ефремов пен Сергей Нечипуренко кәсіпорынның құрылу тарихы, өндірістік қуаты, технологиялық үдерістері және осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты мәлімет берді. Ғалымдар өндірістік желінің жұмысын бақылап, күріш қауызынан алынатын шикізаттың сапасына, оны өңдеу технологиясына және дайын өнімнің мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.
Күріш өндірісінен шығатын қалдықтарды тиімді кәдеге жарату – қазіргі таңда экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан өзекті мәселелердің бірі. Бұған дейін қалдық ретінде қарастырылып келген күріш қабығын заманауи технологияның көмегімен қайта өңдеп, өндірісте қажет инновациялық өнімге айналдырудың маңызы зор. Бұл ең алдымен қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Өндіріс орнын аралау барысында ҚР ҰИА президенті, академик Бақытжан Тұрсынұлы аталған технологияның ауыл шаруашылығы өндірісінен шығатын қалдықтарды тиімді кәдеге жаратып, жаңа бинновациялық өнімге айналдыруға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
Академик аудан басшылығына маңызды жобаның жүзеге асуына қолдау көрсетіп, өндіріс орнының дамуына жағдай жасап отырғаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, ғылым мен өндірістің өзара сабақтастығы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа технологияларды ауыл шаруашылығына кеңінен енгізуге жол ашады.
Өз кезегінде аудан басшысы Азат Үкітайұлы күріш өндірісінің қалдықтарын тиімді пайдалану мәселесінің өңір үшін маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар суармалы жер көлемі, онда өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері, алынатын өнімнің сапасы мен өндіріс көлемі жөнінде сөз қозғады. Аудан басшысы ауыл шаруашылығын дамыту барысында ғылыми жаңалықтар мен заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың қажеттігін де атап өтті.
Айта кету керек, бұл өндіріс орны ҚР ҰИА ғалымдарының күріш қауызынан функционалды көміртек-кремнийлі микроұнтақты толтырғыштар алу технологиясын әзірлеп, оны патенттеуінің нәтижесінде іске қосылған. Бағдарламаның ғылыми жетекшісі – ҚР ҰИА «Мұнай және химиялық технологиялар» бөлімшесінің төрағасы, академик Мун Григорий. Ал жауапты орындаушысы – химия ғылымдарының докторы, ҚР ҰИА корреспондент-мүшесі Сергей Ефремов.
Жоба ҚР Ұлттық инженерлік академиясының аясында жүзеге асырылған. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруы мен аудан әкімдігінің белсенді қолдауының арқасында аталған технологияны өндірістік ауқымда іске асыру мүмкін болды.
Ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған мұндай өндірістердің маңызы айрықша. Бір жағынан, бұл қоршаған ортаны қорғауға үлес қосса, екінші жағынан, қалдықсыз өндіріс қағидатын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті жерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, білікті мамандардың қалыптасуына және ғылыми жаңалықтардың нақты өндіріске енгізілуіне негіз қалайды.
Сапар барысында ғалымдар кәсіпорында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың қызметімен де танысты. Өндірістегі жауапты міндеттерді абыроймен атқарып жүрген инженер-технолог Раммель Сайфульмулюков пен оператор Ербол Тойшыбаев өз істерінің білікті мамандары екенін көрсетті. Олар өндірістік үдерістің тұрақты әрі сапалы жүруін қамтамасыз етіп, технологиялық талаптардың сақталуына жауапкершілікпен қарайтынын аңғартты. Ал еңбек адамдарының жұмысын үйлестіріп, өндірістегі үдерістерге етене араласып жүрген бас зерттеуші Сергей Нечипуренко мол ғылыми тәжірибесін ортаға салып, кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктерін таныстырды.
Ғылым мен өндірісті ұштастыра еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысы кәсіпорынның даму бағыттарының айқын екенін көрсетеді. Бұл ретте ғылыми ізденістердің нақты өндіріспен сабақтасуы жаңа жобаларды жүзеге асыруға және технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
ҚР Ұлттық инженерлік академиясы өкілдерінің аграрлы өңірге арнайы келіп, «NeoCarbon» ЖШС өндірісінің жұмысымен танысуы – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың нақты көрінісі. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы дамыған өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға, инновациялық өндірісті өркендетуге және экономикалық әлеуетті арттыруға серпін береді.
Сапар аясында ғалымдар өндірістің алдағы жоспарларымен танысып, кәсіпорын мамандарымен пікір алмасты. Өзара тәжірибе алмасу алдағы уақытта жаңа жобалардың жүзеге асуына негіз болары анық. Аграрлы өңірде кәсіпкерлердің ғылымға негізделген, экологиялық тұрғыдан тиімді әрі экономикалық әлеуеті жоғары өндірістерді дамытуы Балқаш ауданының жаңа белестерге қадам басуына жол ашатыны сөзсіз.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы
