Перейти к содержимому

Білім көкжиегін кеңейтеді

50 қаралым

Қонаев қаласында жастардың халықаралық деңгейде білім алуына мүмкіндік беретін «Global Exchange – 2026» іс-шарасы өтті. Қалалық орталық кітапханада ұйымдастырылған дөңгелек үстелге халықаралық жоғары оқу орындарының өкілдері, білім саласының мамандары, қала басшылығы мен оқушылар қатысты. Кездесу барысында шетелдік университеттерге түсу жолдары, білім гранты мен шәкіртақылар, сондай-ақ жастардың халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Аталған шарада екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Тұрсын мен «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының басшысы Марина Хан тиісті құжатқа қол қойды. Бұл келісім қала жастарына халықаралық білім беру жобалары туралы ақпарат жеткізуге, білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және болашақта бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға негіз болады.
Кездесуде сөз алған АҚШ-тағы Солтүстік Дакота мемлекеттік университетінің өкілі Эрик Лейс: «Солтүстік Дакота – ауыл шаруашылығы, мұнай және газ өндірісі дамыған штат. Қазақстанның экономикасы өркендеген сайын білікті кадрларға деген сұраныс та арта түсетіні анық. Сондықтан біздің университет даму жолындағы елдермен ынтымақтастық орнатуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға дайын», – деді.
Ресми шарадан кейін шетелдік қонақтарға Қонаев қаласының көрікті орындары таныстырылды. Қонақтар «Тұлпар» ретро салонын аралады. Сонымен қатар қала жағажайына барып, өңірдің туристік әлеуетін тамашалауға мүмкіндік алды.


Бағдарламаның келесі кезеңі оқушылардың жетістіктері мен білімге деген ұмтылысын дәріптеуге арналған көрмеден басталды. Онда Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Ол жастардың сапалы білім алып, өз қабілеттерін дамытудың маңыздылығына тоқталып, халықаралық білім беру мүмкіндіктері болашақта білікті маман болып қалыптасуға жол ашатынын атап өтті.
Бұдан кейін «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының басшысы Марина Хан білім мен ізденісте үздік нәтиже көрсеткен оқушыларды марапаттады. Әсіресе ағылшын тілі байқауының жеңімпазы Батырхан Серікұлының жетістігі көпшіліктің назарын аударды. Ол Ұлыбританиядағы INTO ұйымының халықаралық IQ Foundation бағдарламасы бойынша білім алуға арналған 4 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Бұл – жас дарынның еңбегіне берілген баға ғана емес, оның болашағына жасалған маңызды инвестиция. Сондай-ақ Омар Нәубетбай, Кәусар Қалдыбек, Нелли Горбачева, Аделя Романова, Ботагөз Рүстемқызы, Әдемі Ерзат, Ақерке Исаева, Томирис Ахият және Ақсана Орынтай арнайы дипломдарға ие болды. Олардың жетістігі қатарластарына үлгі болып, білімге деген құлшынысын арттыра түсті.
Салтанатты рәсім мерекелік концертке ұласты. Өнерпаздар кеш мазмұнын байытып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша «Global Exchange – 2026» іс-шарасы Қонаев жастары үшін халықаралық білім беру мүмкіндіктерін таныстырып қана қоймай, білімге ұмтылған оқушылардың еңбегін бағалауға арналған маңызды алаңға айналды. Шетелдік оқу орындарының өкілдерімен байланыс орнату, гранттық бағдарламалар туралы нақты ақпарат алу және үздік оқушыларды ынталандыру – жастардың болашағына бағытталған игі қадам.
Білім шекараға бағынбайтын заманда осындай бастамалар жас ұрпақтың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ал сол мүмкіндікті пайдаланып, мақсатына жету – білімге құштар әр жастың өз қолында.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

Қонаев қаласы

↑