Перейти к содержимому

Денсаулық сақшысы

48 қаралым

Басың ауырып, балтырың сыздағанда дәрігерге жүгінесің. Бойыңды сырқат дендегенде, жаның мен тәніңе шипа ұсынатын да – ақ халатты абзал жан. Осынау маңызды мамандықты өмірлік таңдауымен ұштастырған Райымбек аудандық ауруханасының тәжірибелі дәрігері Нәзипа Қасымбаеваға халықтың алғысы мен құрметі ерекше.

Нәзипа Нәкенқызы 1960 жылы 8 желтоқсанда Қарасаз ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала шағынан дәрігер болуды армандаған. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 1984 жылы қолына дипломын алып, дәрігер маман атанады. Нәзипа Нәкенқызының жұбайы Сағындық Сыдықов дене шынықтыру пәні мұғалімі болып ұзақ жыл мектепте жұмыс істеді. Бүгінде зейнет демалысында.
Нәзипа алғашқы еңбек жолын Қызылшекара ауылында балалар дәрігері болып бастайды. Бұл мамандық салғырттықты кешірмейді, жауапкершілік пен мұқияттылықты талап етеді. Оның тәжірибе жинақтап, білікті маман атануына дәрігерлер Секен Лешов, Кілем Жазықбаев, Ораз Өтемісұлы, білікті акушер Сақан аға, Дина, Әлия есімді мейірбикелер және балалар дәрігері Қарлығаштың қосқан үлесі көп. Олар жас маманға ақыл-кеңестерін беріп, дәрігерлік мамандықтың қыр-сырына қанықтырды.
1990 жылы жұбайының жұмыс бабымен Сарыбастауға қоныс аударып, осындағы емханада 2000 жылға дейін қызмет етті. Өтпелі кезеңдегі қиындық медицина саласын да айналып өтпеді. Дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың жетіспеушілігі ақ халатты абзал жандарды біраз әуреге салды. Нәзипа осынау қиын шақта да өз міндетін мінсіз атқаруға тырысты. Ізденістен шаршамайтын маман біліктілігін арттырып, қайтадан Қызылшекара ауылдық емханаға жалпы тәжірибелі дәрігер болып ауысады. Күні бүгінге дейін осы мекемеде жемісті еңбек етіп келеді. Оның медицина саласында жүргеніне 40 жылдан асты.
Тыныш күннің өзінде жұмысы мазасыз дәрігерлер жаһанды жайлаған коронавирус індеті кезінде де тынбай жұмыс істеді. Нәзипа Накенқызы мен оның әріптестерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде Қызылшекара ауылында індеттен адам өлімі тіркелмеді.
Білікті дәрігердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Медицина саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Отағасының қолдауымен мансабы мен аналық қызметін қатар алып жүрген ақ халатты абзал жан үш перзент дүниеге әкеліп, оларға тағылымды тәрбие беріп, үлкен өмірге қанат қақтырды. Балалары – ата-ана жолымен жоғары білім алған сауатты да парасатты жандар.
Қаншама адамның алғысын арқалаған тәжірибелі дәрігердің өмір жолы жас ұрпаққа өнеге мен үлгі болатыны анық.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑