Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Шекарада бағы жанған Бағжан

Шекарада бағы жанған Бағжан

47 қаралым

Тау ішінде өз алдына тіршілік кешіп жатқан шекара бөлімшесіне ымырт үйіріле жеткенбіз. Өйткені, «Сарытоғай» шекара бөлімшесінен басталатын 32 көпіршеден өту – оңай-оспақ емес еді. Дегенмен, бұл – шекараның жол талғамайтын жүрдек көлігіне бұйым болып па? Арасында көпіршені қоя беріп, арнасынан тасып төгілген өзеншеден бейнебір тайыз бұлақтан өткендей ажылдап-гүжілдеп, шоқырақтап-шайқатылып тоқтаусыз өте шыққан…

Ақыры 32-ші көпіршені артқа қалдырғанымызда ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Өртенсай» шекара бөлімшесінің жарқыраған шамдары да көрінген. Бұл біздің діттеген жерімізге ақыры жеткенімізді білдіретін. Айтпақшы, осы жаққа келе жатқанымызда жаяу жүргіншілерге арналған белгіні көріп, «әкем де аң-таң, апам да аң-таң» демекші, тау ішіндегі тосын көрініске түсінбей қарағанбыз. Бұл не өзі? Әлде әлдекімнің әзілі ме екен, ары-бері өткен жүргіншілерді күлкіге кенелткісі келген?.. Дәл солай болса, ойы орындалды, таудың ой-қыры мол соқпағын бітпестей көріп келе жатқан жолаушының міндетті түрде мырс ете қалатыны сөзсіз. Алғашында біз де сөйттік. Тек, журналист емеспіз бе, бізге жаяу жүргіншінің суреті бейнеленген баған әлде бір сырды «бүгіп» жатқандай көрінген…

…Ертеңіне шекара бөлімшесінің бастығы капитан Аян Жандарбеков басқарған шекара нарядымен бірге ел шебіне аттанып кеттік. Шекарашылардың тау ішіндегі қызметімен танысу үшін. Қылдырықтай жетім сүрлеуді қуалап шатқал ішімен ұзақ жүрдік. Шекарашылардың жеңіл қозғалатын соқпағына айналғалы қашан. Ал бізге ауырлау тиген. Кеудесін мыңжылдық шыршалар мен алып емендер жапқан шатқалдың көз тартар сұлулығына да қарай бергің келеді. Шекара нарядының қызметіне кедергі келтірдік-ау дейтін ой жоқ, арасында тоқтай қалып, иығымыздағы «қаруымыз» — фотоаппаратымызға жармасамыз. Офицердің айналаны дүрбімен қарағанын, шекарашы иттің құлағын тікірейткен қалпы, жан-жағына жалт-жалт қарағанын қалт жібермеуге тырысамыз.

Осылайша, бірнеше сағатқа созылған қызметтен оралған соң шекарашылардың бірімен сұхбаттасуға кірістік. Бұл – бөлімше бастығы «Біздің үздігіміз!» деп таныстырған кинолог, кіші сержант Бағжан Ержанов. Шекара қызметінің сапындағы алғашқы қызмет жолы осы шекара бөлімшесінде басталыпты. Сарыөзекте туып-өскен. Өзінің азаматтық борышын ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты шекара бөлімшелерінің бірінде өтепті. Ал әскери өмірдің алғашқы әліппесімен Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасындағы оқу базасында танысқан көрінеді. — Абай атамыз «Үйрен де жирен» дейді ғой, өзінің қара сөзінде. Мені әскери өмірге баулып қана қоймай, шекарашы мамандығын өмірлік етіп таңдауыма да шекара басқармасының техникалық және кәсіби даярлық бөлімінің тигізген үлесі зор, — дейді Бағжан бізге берген сұқбатында. Қазір, өз шешіміме керісінше мақтанбасам, өкінбеймін. 2021 жылдың қара күзінде Шекара қызметіне келісімшарт негізінде қабылданған Бағжан екі жылдай барлаушы-атқыш болып жүреді. Әрі қарай, бүгінде өзі қызмет ететін шекара бөлімшесінің кинологы лауазымына тағайындалған ол алдымен ҰҚК Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасының мектебіне оқуға жіберіледі. Міне, сол кезде өзіне бекітілген күшін қазір үш жаста, өзінің есімі де ерекше: қызмет иті Хантілер. Бір қызығы, көзін ашқаннан бірге келе жатқан иесін ғана «мойындайтын» көрінеді. Бұл енді немістің ақылды иті басқа ешкімнің бұйрығын «бұйым» ғұрлы көрмейді деген сөз…

Ал Бағжанның өзіне келсек, шекарашының қол бостағы сүйікті ісі – сурет салу көрінеді. — Білесіз бе, өзім күзететін таудың сұлулығы кей-кейде бойыма шабыт шақыратыны бар. Сондай кездері қаруымды әп-сәтте аппақ қағазға айырбастап, бірден сурет салуға кірісіп кеткім келеді… бірақ болмайды. Есесіне, қызметтен бос уақытымды көбіне сүйікті ісіме арнағанды ұнатамын, — деп ағынан жарылған әріптесімізден тағы білгеніміз, Бағжанның әкесі де өзінің саналы ғұмырын әскерге арнап, бүгінде зейнет демалысында көрінеді. Ал біздің шекарашы… Ол ұжым мақтанышы. Еңбекқор. Өз ортасына сыйлы. Ал мұндай қайсар мінезділер ұзаққа барады. «Өртенсай» шекара бөлімшесінен осындай ой түйіп аттандық.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑