Перейти к содержимому

Ұстаз – ұлы есім

238 қаралым

Бөлек ауылдық Мәдениет үйінде Еңбекшіқазақ ауданының ұстаздар қауымына арналған мерекелік іс-шара өтті. «Ұстаз – ұлы есім» атты салтанатты жиында аудандағы білім саласының жетістіктері сараланып, үздік педагогтер марапатталды, ұстаздықты таңдаған жас мамандарға бағыт-бағдар беріліп, ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді.

Мерекелік жиында аудан әкімі Рустам Исатаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім саласының бүгінгі тынысы мен алдағы міндеттеріне тоқталды.

Бүгінде 300 мыңға жуық халқы бар Еңбекшіқазақ ауданында 86 мектеп, 30 мемлекеттік және 144 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым, сондай-ақ 7 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ал мектептерде 55 мыңнан астам бала білім алса, 16 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылған.

Ел болашағының жарқын болуы бүгінгі балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алып өсуіне тікелей байланысты. Ендеше, ұстаздарға артылар жүктің салмағы да едәуір екені ертеден-ақ баршағы аян. Осы тұста аудан әкімі балалардың сырттағы сөйлеген сөзі мен іс-әрекеті – мұғалімнің сыныптағы жұмысының нәтижесі дегенді де жиналған жұртқа әдемі мысалмен жеткізе білді.

Нәтиже демекші, ауданымыздың білім саласында ауыз толтырып айтар жағымды жаңалықтар баршылық. Мысалы, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Бірыңғай ұлттық тестілеуге Еңбекшіқазақ ауданынан 2797 түлек қатысып, орташа нәтиже 110 балға жеткен. Ал М.Горький атындағы орта мектептің оқушысы Али Лоян ҰБТ-дан облыстағы 140 балдық ең жоғары нәтижені көрсеткен жалғыз түлек атанды. Бәйтерек орта мектебінің оқушысы Назым Ержанқызы 139 балл жинаса, Рахат ауылдық округіндегі №1 орта мектептің оқушысы Нұрислам Абдыхамыт «физика-химия» пәндер комбинациясы бойынша 135 балл иеленген болатын.

«Бұл – ең алдымен, оқушының табандылығы мен ата-ананың қолдауының, сонымен бірге ұстаздардың кәсіби шеберлігінің нәтижесі», – деген Рустам Маратұлы аталған оқушылардың сынып жетекшілеріне ерекше алғысын білдірді.

Мұғалімнің еңбегі оқушылардың алған білімі мен жеткен жетістігімен өлшенері хақ. Осы орайда білім көкжиегінің бір өлшемі ретінде оқушылардың шабытын шыңдап, биікке қанаттандыратын олимпиадаларды айтуға болады. Аудан оқушылары облыс көлемімен шектелмей, республикалық және халықаралық деңгейдегі білім, ғылым, шығармашылық және спорттық додаларда да өз қабілеттерін танытып келеді. 2025-2026 оқу жылында еңбекшіқазақтық 59 оқушы облыстық, 21 оқушы республикалық, 7 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми-шығармашылық және спорттық жарыстардың жүлдегері атанған.

«Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» демекші, аудан педагогтерінің кәсіби нәтижелері де айрықша атап өтуге лайық. Аудандағы білім ошақтарында еңбек ететін 47 мұғалім облыстық деңгейдегі жүлдеге ие болса, бір педагог республикалық деңгейде жеңімпаз атанған. Мұғалімдердің кәсіби дамуына бағытталған 91 аудандық, 8 облыстық, 2 республикалық және 1 халықаралық семинар ұйымдастырылған. Бүгінде аудандағы білім саласында 294 магистр еңбек етсе, 18 педагог «педагог-шебер» біліктілік санатына ие.

Бұл көрсеткіштер ауданның педагогикалық әлеуетінің жоғары екенін аңғартады. Ең бастысы – тәжірибелі ұстаздардың өнегесін жас мамандарға жеткізу, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жағдай жасау және білім сапасын арттыруды үздіксіз жалғастыру.

Білім сапасы мұғалімнің кәсіби шеберлігімен қатар, мектептің материалдық-техникалық жағдайына да тікелей байланысты. Осы бағытта ауданда біршама жұмыс атқарылып келеді. Биылғы оқу жылында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданымыздағы Ащысай ауылында 600, ал Сатай ауылында 900 орындықты жайлы мектеп ел игілігіне берілді. Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте және Нұрлы мен Масақ ауылдарындағы орта мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталса, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Аудан әкімі сөз арасында Азат ауылындағы негізгі орта мектептің жай-күйіне де тоқталып өтті. Ауданға әкім болып келгеніне бір ай ғана уақыт болса да, Рустам Маратұлының 100 жылдық тарихы бар білім ошағына бас сұғып, оның жағдайын назарға алғаны қуантты.

Қуанышты жайттың тағы бірі – Есік қаласында орналасқан Райымбек батыр атындағы орта мектептің жеңісі. Нақтырақ айтсақ, аталған мектеп «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Жақсылық жалғасады» байқауында «Білім-инновация лицейлерінің тәжірибесін енгізу» номинациясының 2-орын жүлдегері атанды. Нәтижесінде мектепке 70 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріліп, заманауи спорт кешенін салуға мүмкіндік туып отыр. Бұл – балалардың болашағы үшін шын алаңдайтын нағыз ұстаздардың еңбегі.

Ұстаз еңбегінің ел көлемінде еленуінің бір айғағы мереке күні салтанатты түрде табысталған марапат болды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен білім саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар педагог марапатталды. Сондай-ақ Алматы облысы әкімінің, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары ауданымыздағы білім саласында еңбек етіп, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандарды бір марқайтып тастады.

Әрине, ұстаз еңбегінің шынайы бағасы – оның алған марапаты ғана емес, шәкіртінің жетістігі. Әрбір білімді, тәрбиелі, елжанды азаматтың артында оған бағыт-бағдар берген, қанаттандырып, алысқа самғатқан ұстазы бар. Ұстаз еңбегі – ұлт болашағының негізі. Ендеше, білімді де білікті, балаға берер тәлім-тәрбиесі мен көрсетер үлгі-өнегесі бар ұстаздар қатары арта берсін.

Көңілді кешті аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақ эстрадасының және аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы жалғады.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

↑