Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / СПОРТ – БІРЛІК ПЕН ЖЕҢІСТІҢ БАСТАУЫ

СПОРТ – БІРЛІК ПЕН ЖЕҢІСТІҢ БАСТАУЫ

53 қаралым

Ұрпақ тәрбиесі – ұлағатты ұстаздың өнегелі ісі мен тағылымды үлгісінен бастау алады. Ал спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, адам бойындағы қайсарлықты шыңдап, табандылық пен ұйымшылдықты қалыптастыратын өмір мектебі. Осы құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен Қонаев қаласындағы №3 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің онкүндігі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, салауатты өмір салтын насихаттаған, ұстаздар мен оқушыларды ортақ игі мақсат төңірегіне топтастырған тағылымы мол мерекеге ұласты.

Онкүндік барысында мектеп қабырғасында спорттық сайыстар, қызықты жарыстар мен түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, білім ордасының тынысы ерекше серпінге бөленді. Әрбір шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту, спортқа деген қызығушылығын арттыру, белсенді өмір салтын қалыптастыру және ұжымдық ынтымақтастықты дәріптеу болды.

Онкүндіктің ең есте қаларлық әрі ерекше әсерге толы сәттерінің бірі – ұстаздар арасында ұйымдастырылған эстафеталық жарыс. Бұл күні спорт залы ерекше көңіл күйге бөленіп, күнделікті білім мен тәрбие жолында еңбек етіп жүрген ұстаздар спорттық сайыста өзара бақ сынасты. Шәкірттеріне білім нәрін сеуіп, өмір жолында бағыт-бағдар беріп жүрген педагогтер бұл жолы өздерінің шапшаңдығын, ептілігін, төзімділігі мен ұйымшылдығын көрсетті. Әр кезеңде жылдамдық пен дәлдікті, үйлесімді қимыл мен шапшаң шешім қабылдауды талап еткен тапсырмалар жарысқа ерекше тартымдылық сыйлады.

Спорт залында қызу бәсеке, көтеріңкі көңіл күй мен ерекше серпіліс орнады. Қатысушылар әр кезеңнен сүрінбей өтіп, өз топтарының жеңісі үшін бар күш-жігерін салды. Бірі жылдамдығымен көзге түссе, енді бірі ептілігі мен ширақ қимылын танытты. Әріптестердің бір-біріне деген қолдауы мен жанкүйерлердің қошеметі жарыс көркін қыздыра түсті. Командалар жеңіске жету жолында бар ынта-жігерін жұмсағанымен, бұл сайыстың басты жеңісі – ұжымдық бірлік, достық пен өзара сыйластық болды. Өйткені спорттың шынайы құндылығы тек жеңіс тұғырынан көрінуде емес, ортақ мақсат жолында біріге білуде жатыр.

Жарысқа қатысқан ұстаздар үш топқа бөлініп, өзара тартысты бәсекеге түсті. Бірінші топтың құрамында Әшірбай Ақбота, Бастарбекова Ұлжан, Әбілқызы Гүлназ, Имангельдина Гүлім, Сейтім Ақшолпан және Бейсембаев Рүстем өнер көрсетті.Екінші топта Заманбекова Балжан, Даулен Шахнозабану, Бейсенбаева Жібек, Тәжібай Ақерке, Кемелбекова Гүлназ және Ғалымбек Еділ бақ сынады.Ал үшінші топтың сапында Әжіханова Жанат, Балтабаева Наргиза, Мірәлі Зерегүл, Керімбек Бақытгүл, Садыкова Эльмира және Мұхаметқалиев Досжан өнер көрсетті.

Үш топтың қатысушылары да жарыс барысында ұйымшылдықтың, ауызбіршіліктің және спортқа деген қызығушылықтың жарқын үлгісін танытты. Әр команда жеңіске деген жігерін көрсетіп қана қоймай, бір-біріне қолдау білдіріп, көтеріңкі көңіл күй мен ерекше спорттық рух қалыптастырды. Бұл сайыс ұстаздар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, ұжымдық бірліктің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Жарыс барысында мектеп директоры Абикенова Мира Тохтарханқызы қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, дене шынықтыру мен спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі және қоғам денсаулығын нығайтудағы маңызына ерекше тоқталды.

«Біздің басты мақсатымыз – тек білімді ғана емес, дені сау, рухы мықты, жігерлі әрі алдына айқын мақсат қоя білетін ұрпақ тәрбиелеу. Мектеп – әрбір баланың қабілеті ашылып, бойындағы мүмкіндіктері дамитын, өзіне деген сенімі қалыптасатын қасиетті орта. Сондықтан балаларға салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, өзіміз де соның жарқын үлгісі болуымыз керек. Бүгінгі спорттық сайыста ұстаздарымыздың белсенділігін, ұйымшылдығын, ерекше ықыласын көріп, шын қуандым. Осындай игі бастамалар ұжымымыздың бірлігін бекемдеп, әріптестер арасындағы сыйластықты арттыра түседі. Баршаңызға мықты денсаулық, толағай табыс пен жаңа жеңістер тілеймін!» – деді мектеп директоры.

Шын мәнінде, осындай тағылымды шаралардың жоғары деңгейде өтуіне дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің бастамашылдығы мен кәсіби белсенділігі зор ықпал етеді. Олар – мектептегі спорттық өмірдің қозғаушы күші, салауатты өмір салтын насихаттаудың алдыңғы шебіндегі жандар. Педагогтердің шығармашылық ізденісі, тың идеялары, ұйымдастырушылық қабілеті мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі онкүндіктің мазмұнын байытып, әрбір іс-шараның тартымды өтуіне мүмкіндік берді.

Мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің жұмысы жүйелі жолға қойылған. Ортақ мақсатқа жұмылған бұл ұжымның басты ұстанымы – дене тәрбиесі саласындағы білім сапасын жетілдіру, мектеп спортын дамыту және өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту. Әдістемелік бірлестік аясында ұстаздар өзара тәжірибе алмасып, заманауи оқыту әдістерін талқылап, сабақ үдерісіне жаңашыл тәсілдерді енгізіп, кәсіби шеберліктерін үнемі жетілдіріп келеді.

Бірлестік жұмысы тек сабақ берумен шектелмейді. Педагогтер спорттық жарыстар мен мектепішілік іс-шараларды ұйымдастыру арқылы оқушылардың бойында табандылық, тәртіп, жауапкершілік, ұйымшылдық, қарсыласқа құрметпен қарау және жеңілісті де, жеңісті де лайықты қабылдай білу қасиеттерін қалыптастыруға ерекше мән береді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мектепте спортқа қызығатын, белсенді, салауатты өмір салтын ұстанатын оқушылар қатары артып келеді.

Бұл бастамалардың маңызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында көтерілген басым міндеттермен де үндеседі. Президент ел болашағы үшін дені сау ұлт қалыптастырудың, бұқаралық спортты дамытудың, халық арасында салауатты өмір салтын орнықтырудың маңыздылығын үнемі атап өтіп келеді. Бұл – тек мемлекеттік деңгейде жүзеге асатын міндет емес, әрбір отбасы мен білім беру ұйымының ортақ жауапкершілігі.

Өйткені дені сау ұлттың негізі мектеп қабырғасында қаланады. Баланың бойында спортқа деген сүйіспеншілік оянып, денсаулығына жауапкершілікпен қарау дағдысы қалыптасса, оның болашақ өміріне берік іргетас қаланады. Осы тұрғыдан алғанда, мектепте ұйымдастырылатын әрбір спорттық жарыс, әрбір эстафета мен дене шынықтыру шарасы – жарқын болашаққа бастайтын маңызды қадам.

Қонаев қаласындағы №3 орта мектепте өткен дене шынықтыру пәнінің онкүндігі де осындай игі мақсаттарды көздеген, мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор шара ретінде есте қалды. Ол мектеп ұжымының спортқа деген құрметін, педагогтердің белсенділігін және ортақ іске деген жауапкершілігін айқын көрсетті.

Әсіресе, ұстаздардың өздері спорттық сайыстарға белсене қатысып, оқушыларға үлгі болуының тәрбиелік мәні ерекше. Шәкірт өз ұстазын спорт алаңында ширақ қимылдап, жеңіске ұмтылып, әріптесіне қолдау көрсетіп жүргенін көргенде, спорттың тек сабақ аясындағы міндет емес, өмірлік қажеттілік екенін терең түсінеді. Мұндай өнегелі сәттер кейде ұзақ айтылған ақылдан да әсерлі болатыны анық.

Әрбір сәтті шараның артында үлкен еңбек, жауапкершілік пен ауызбіршілік тұрады. Осы орайда мектеп директоры Абикенова Мира Тохтарханқызына спорттық бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп, педагогтердің шығармашылық ізденісіне жол ашып, ұжымның игі істеріне ұйытқы болғаны үшін шынайы алғыс айту орынды. Бәлкім, біреулер үшін бұл эстафеталық жарыс кезекті спорттық сайыс қана болып көрінер. Алайда мектеп ұжымы үшін оның мәні әлдеқайда терең. Бұл – әріптестердің бір-біріне қолдау көрсетуі, ортақ қуанышты бөлісуі, ұжымдық рухты сезінуі және нағыз күштің бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеуі.

Өйткені мектеп – тек сабақ өтетін, білім беретін орын ғана емес. Ол – адамгершілік пен сыйластықтың, ізгілік пен ізденістің, достық пен ынтымақтастықтың ордасы. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген ұжым ғана жас ұрпаққа жарқын үлгі бола алады.

Спорт адамды шыңдайды, жігерлендіреді, ұлтты біріктіреді. Ал №3 орта мектептің ең үлкен жетістігі – ортақ мақсат жолында жұмылған ұйымшыл ұжым, өз ісіне адал, бастамашыл ұстаздар және соларға қарап бой түзейтін саналы ұрпақ.

Дені сау ұлт – ел болашағының кепілі. Ал дені сау ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ұстаздың, әрбір мектептің және тұтас қоғамның ортақ міндеті.

Спорт – тек жеңіс пен жарыс емес. Ол – өмірге құштарлық, мықты денсаулық, берік достық пен сарқылмас жігердің символы!

Айна МҰҚАНОВА

Қонаев қаласы

↑