Жамбыл ауданының орталығына жақын орналасқан елдімекендер күннен-күнге көркейіп, дамып келеді. Соның ішінде Жамбыл ауылы да кеңейіп, жаңа көшелер пайда болуда. Дегенмен, ондағы үйлерге электр қуатын жеткізу мәселесі туындады.
Ауылдың шетінде кейінгі жылдары бой көтерген үйлерге электр желісін тарту жұмыстары басталған. Бірақ қаржының жеткіліксіздігінен жобаны толығымен жүзеге асыру мүмкін болмады. Жаңа құрылыс алаңында 1150 тұрғын болса, 350 аула дербес есепшот ашқан. Алайда бұл аумақтағы электр қуаттылығы тек 143 Вт-ты құрайды. Қуат тапшылығы үйлердегі тұрмыстық техниканың жиі бұзылуына әкеліп, тұрғындар арасында наразылық та тудырған.
Мәселені шешу үшін 2024 жылға 341,2 млн теңге бөлініп, «Кернеу К» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Жоба толық аяқталған соң ауылдың барлық тұрғыны тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жұмыстың соңғы кезеңі 2025 жылдың тамызында аяқталады деп жоспарланып отыр. Барлық қажетті құжат аудандық электр торабына тапсырылған. Қазірдің өзінде уақытша үш трансформатор орнатылып, 80 абонентке электр желісі қосылды. Жаңа желіге қосылу жұмыстарының алғашқы кезеңі осы жылдың соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде 170 үй жаңа желіге қосылмақ.
Жамбыл ауылдық округінің әкімі Данияр Мантаев тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оның айтуынша, атқарылған шаралар тұрғындарды жарықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдағы тұрмысты жақсартуға ықпал етеді. Жаңадан іске қосылған жобалар елдің дамуына үлес қосуда.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы