Қарасай ауданының орталығында орналасқан Кеңес өкіметінен келе жатқан ДОСААФ-тың ескі ғимаратын жандандырып, өнер мектебі ретінде қолданысқа беру туралы мәселе бұрыннан бері қаралып келген еді. Алайда кезінде аталған нысанның жекеменшікке өтіп кетуіне байланысты біразға дейін бұл мәселе шешілмей жүрді. Осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылды.
Нақтырақ айтқанда, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бақытжан Абутұрапұлының мәліметіне сүйенсек, ДОСААФ-тың ескі ғимараты «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігінің теңгерімінен 2013 жылдың 9 тамызында 15-съезд хаттамасы негізінде «Түлек AKG» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізілді. Ал 2015 жылдың 25 қарашасында мемлекеттік сатып алудың №2 келісімшарты негізінде облыстық қаржы басқармасы тарапынан аталған ғимарат сатып алынды. 2020 жылы Қаскелең қаласы әкімінің аппараты теңгеріміне, 2021 жылы Қарасай аудандық білім бөлімінің теңгеріміне өткізіліп берілді.
Облыстық құрылыс басқармасы мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша 2023 жылы 20 қазанда аталған ғимараттың құрылыс жұмысын жүргізу үшін «Дәулет-Серпін 603» ЖШС-мен келісімшартқа отырды. Жобаның жалпы құны 560,7 млн теңгені құраған. Алғашқы жұмыстар үшін мердігер компанияға 147,7 млн теңге көлемінде аванстық төлем жасалды.
Алайда күрделі жөндеу жұмысы жүргізіле бастаған кезде «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігі талапкер ретінде жауапкерлер «Түлек АКG» ЖШС және облыстық қаржы басқармасына қатысты «Мәмілені жарамсыз деп тану туралы» арызбен Алматы облысының ауданаралық экономикалық сотына жүгінген. Нәтижесінде басталған құрылыс жұмысы белгісіз уақытқа тоқтатылып, облыстық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі кейінге шегерілген. Осыған байланысты «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігі мен облыстық қаржы басқармасы, Қарасай аудандық білім бөлімінің арасында сот процестері жүріп, өткен жылы Алматы облыстық ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша Қарасай аудандық білім бөлімінің арызы орынды деп табылған. Осылайша, ДОСААФ-тың ғимараты толықтай мемлекеттің иелігіне қайтарылып, осы жылдың қазан айында бюджеттен қаражат бөлініп, тоқтатылған жөндеу жұмысы қайта жандандырылды.
Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстың қарқыны жақсы. «Дәулет-Серпін 603» ЖШС директорының бірінші орынбасары Медет Омархановтың айтуынша, сот процесі басталғанымен, компания құрылыс жұмысын тоқтатпай, өз қаражатына ақырындап жүргізіп отырған.
Нәтижесінде ғимарат бүгінде 85 пайызға дайын. Кірпіштері қаланып, терезелері орнатылып, шатыры жабылып, демонтаж жұмысы толығымен аяқталған. Ал қазір ішкі әрлеу жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ екінші және үшінші қабаттарда жылыту жүйесі, кафельдері, ернеулері орнатылған. Енді осындай жұмыс бірінші қабатта да жүргізіледі. Жұмыс қарқыны жақсы болғандықтан, мердігер компания оны толығымен биылғы жылдың соңына дейін бітіруді жоспарлап отыр.
Егер жұмыстың барлығы ойдағыдай жүргізілетін болса, онда келер жылы қарасайлық оқушылар үшін Қаскелеңде жаңа өнер мектебі есігін ашатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы