Медицина саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып, осынау маңызды саланы алға жылжыту үшін нақты тапсырмалар беріп келеді. Осыған орай облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандар мен ауылдық округтерде медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында білікті мамандардан құралған мобильдік топ жұмысын бастады.
Ақ халатты абзал жандар Балқаш аудандық ауруханасында науқастарды емдеу, ота жасау және тағы басқа да күрделі медициналық көмек түрлерін көрсетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің берген мәліметіне сүйенсек, құрамында 25 тәжірибелі дәрігер бар мобильдік топ мүшелері кеңес берумен ғана шектелмей, қажет болған жағдайда шағын оталар жасап, күрделі жағдайларда кешенді ем-дом жүргізуге дайын.
Медициналық топ мүшелерінің қатарында акушер-гинеколог, невропатолог, травматолог, онколог, хирург, анестезиолог және реаниматолог мамандар бар. Олар жуырда Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасындағы жетекші клиникалық орталықтарда біліктілігін арттырып қайтқан. Жинаған тәжірибесін енді ел ішінде, ауылдық аймақтарда тиімді пайдаланып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға күш салмақ.
Бұл игі бастама бір ай көлемінде жұмыс істейді. Әр үш ай сайын жалғасын тауып, барлық аудандарды қамтиды.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы