Перейти к содержимому
Главная страница » Жеті жұрттың тілін біл!

Жеті жұрттың тілін біл!

     Бүгінгі жаһандану дәуірінде бірнеше тілді меңгеру – тек артықшылық қана емес, заман талабы. Осы орайда облыс орта­лығындағы Мәдениет үйінде «Көп тіл – бір әлем» атты салтанат­ты жиын өтті. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты коми­тетінің төрағасы Ербол Тілешов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, аудан-қала әкім­дік­тері­нің мамандары, мекеме-ұйым­ жетекшілері және өңірдің полиглот жастары қатыс­ты.

Салтанатты шараның шымылдығы көп тілді меңгерген тұлғалар туралы бейнефильммен ашылып, бірнеше тілді еркін меңгерген жандардың өмір жолы мен табандылығы жастарға үлгі етілді. Алғашқы болып сахнаға көтеріл­ген Марат Елеусізұлы жиналған қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егемендіктің ел тарихындағы орны мен маңызына тоқталды, тіл мен тәуел­сіз­дік­тің егіз ұғым екенін атап өтті. Қазақ тілінің елді біріктіретін басты құнды­лық, ал үштілділік саясатының жастарды әлемдік кеңістікке шығаратын маңызды құрал екенін жеткізді.
– Облысымызда бірнеше тілді оқып үйренуге мүмкіндік жасалған. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның филиалдары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытады. Алдағы уақыт­та аппарат қызметкерлеріне де осы курстарда оқып, тілдік дағдыларын жетілдіруді тапсырамын. Себебі үш тілді меңгерген адам қандай биіктікке болсын еркін самғайды, – деп өңірде көптілді меңгерген азаматтарға қолдау көрсетілетінін алға тартып, қазіргі таңда облыста 4 және одан да көп тілді меңгерген 120-дан астам азаматтың барын айтты.
Артынша Марат Елеусізұлы бір­неше тілді еркін меңгерген жастарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстап, «Полиглот – 2025» номинация­сымен марапаттады. Сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма­ның бөлім басшысы Нұрмаман Оқасқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тақты.
Келесі болып сахнаға көтерілген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы тіл тек қарым-қатынас құралы емес, үлкен танымдық дүние екенін айтып, көп тіл білу үрдісі көп­шілікке үлгі болуы керектігін жеткізді.
Өз кезегінде мінберге көтерілген марапат иелері көп тіл үйренудегі тәжірибелерімен бөлісті. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Айбар Теменов қазақ, ағылшын және қытай тілдерінде сөйлеп, көптілділіктің мемлекеттік басқарудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ «БЕНТ» ЖШС директоры Дінмұхамед Кузиев, Қарасай ауданындағы Кемертоған орта мектебінің мұғалімі Райымбек Алпаров, Райымбек ауданындағы «Нарынқол» шекара бөлімшесінің сарбазы Санжар Құдайбергенов, Қаскелең қаласындағы «Келешек мектебінің» 7-сынып оқушысы Кәусар Миятбек бірнеше тілде еркін сөйлеп, жастарға нақты мотивация берді.
«Көп тіл – бір әлем» атты бұл жиын тіл саясатының қағаз жүзінде емес, нақ­ты іспен жүзеге асып жатқанын көрсетті. Салтанатты шара облыс өнерпаздары­ның қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласып, әуелеген ән мен күмбірлеген күй жиынның мазмұнын байыта түсті.

Құралбек СӘБИТОВ