Елімізде қарттарға қамқорлық көрсетіп, олардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының басты міндеті. Солардың бірі Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында орналасқан. Мұнда түрлі мәдени, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылып, қарттар бос уақытын тиімді өткізеді.
Бүгінгі таңда Нұржан Жақсыбаев басқаратын орталықтың 130 мүшесі бар. Әсіресе әжелерден құралған «Гүлдер» атты бишілер тобын ерекшелеп айтқан жөн. Дильназ Кашкеева жетекшілік ететін топ бірнеше рет облыстық, халықаралық жарыстарда жүзден жүйрік шығып, бас жүлдені еншіледі. Биыл ақпан айында Алматы қаласында өткен «DANKE MANIA» байқауында бірінші орынды иеленді. Ал сәуір айында Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Nuray ART FEST» конкурсында топ жарды. Қараша айының соңында Дубайда өткен жарысқа қатысып, Гран-при иегері атанып, елге абыроймен оралды.
«Гүлдер» би тобын Алматы әуежайынан жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Бишілер тобын Еңбекшіқазақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақов, Шелек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбек Айтақынов, аудандық кәсіподақ комитетінің, «Аналар» кеңесінің төрағалары арнайы қабылдап, Алғыс хатпен марапаттады. Биші апалар енді Грузияның Батуми қаласында өтетін жарысқа жолдама алып, бақтарын тағы бір сынамақшы.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагер-бишілеріне биік белестерден көріне беруіне тілектеспіз.
Анарбек МӨКІШҰЛЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




