Перейти к содержимому
Главная страница » Табысты елдің тірегі

Табысты елдің тірегі

Қонаев қалалық Мәдениет үйінде «Жұмысшы мамандығы – табысты елдің тірегі» тақырыбында салтанаты шара өтті. Жұмысшы мамандықтары жылының жабылуына орай ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, еңбек адамының беделін арттырып, кәсіби шеберлікті дамытуға үлес қосқан үздік мамандарды марапаттады.

Аймақ басшысы өз сөзінде жұмыс­шы мамандары кәсіпорындар мен өндіріс­тердің, экономиканың негізгі тірегі екенін атап өтті.
– Зәулім ғимараттардың бой көтеруі, көше­леріміздің жарықтан­дырылуы мен тазалығы – жұмыс­шылар еңбегінің нәтижесі. Сондықтан Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл еңбек адамдарын жыл бойы дәріптеп қана қоймай, олардың қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттауға, жұмысшы маман­дық­тарының абыройлы әрі қажетті кәсіп екенін ұғындыруға бағытталған маңызды бастама болды. Президент тапсырмасына сәйкес және өңірлік нарықтағы жұмысшы мамандарына деген сұранысының артуына байланысты колледждерде «Гидротехникалық мелиорация», «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Қашықтықтан басқарылатын авиациялық жүйе», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану», «Жиһаз өндірісі» маман­дықтары жаңадан ашылды. Бүгінгі таңда облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 41 колледж кадрлар даярлауды жүзеге асырып келеді. Колледждерде білім алып жатқан 22 мыңға жуық студент – ертеңгі еңбек адамы, жаңа кәсіби тұлға. Экономикалық дамуды басты бағдар етіп алған аймағымызда кәсіпорындар сұранысы бойынша 950 студент білім алуда. Облыстағы студенттер жатақханамен қамтылған. Бүгінгі таңда 16 студенттер үйі бар болса, биыл жалпы құны 6 млрд теңгені құрайтын 711 орынды 4 жатақхананың құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Бүгінге дейін мемлекетаралық меморандумдардың негізінде 32 шара өткізілді. Нәтижесінде 35 студент пен 14 педагогті Қытай Халық Респуб­ликасына «Автокөліктерге қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша тағылым­дамадан өткізу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар Марат Елеусізұлы өз сөзінде аймақта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, дуалды оқыту жүйесі кеңінен енгізілгенін, бірқатар оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылғанын айтып өтті.
Салтанатты шарада жұмысшы кадрларды даярлауға үлес қосқан педагогтер және өндіріс орындарының өкілдері марапатталды. Айталық, механизатор Едік Сәмиевке III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, ал инженер Камал Бадаловқа «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Облыстағы бірқатар колледж педагогтеріне «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі, өндіріс орындарының өкілдері мен кәсіпкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды.
Шара барысында халықаралық және республикалық WorldSkills және өзге де кәсіби шеберлік чемпионаттарында жоғары нәтижеге қол жеткізген үздік түлектер мен студенттерге облыс әкімінің Алғыс хаты және арнайы сертификаты берілді. Бұл – олардың кәсіби шеберлігі мен табанды еңбегі үшін табысталған марапат.
Бүгінде Алматы облысының колледж­дері Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің бірқатар оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісім­­шарттар жасаған. Бұл қадам аймақ­­тағы колледждердің халықаралық стандарттарға сай дамуына, педагог­тердің кәсіби деңгейі мен еңбек нары­ғына қажетті білікті мамандар даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Ерзат АСЫЛ