Конституциялық өзгерістерді республикалық референдум арқылы қабылдау – халықтың тікелей еркін білдіру тетігі. Референдум азаматтарға елдің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігін береді. Бұл – демократиялық қағидаттардың нақты көрінісі.
Ата Заңға өзгерістер енгізу – уақыт талабы. Қоғам дамыған сайын Конституция да заманауи талаптарға сай жетілдіріліп, ел мүддесіне қызмет етуі тиіс. Сондықтан ұсынылып отырған түзетулерді қоғамдық сұраныстан туындаған бастама ретінде бағалауға негіз бар. Ұсынылып отырған өзгерістердің бірі – Парламенттің атауын «Құрылтай» деп өзгерту бастамасы. Құрылтай тарихи тұрғыдан ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланған дәстүрлі кеңес институты ретінде белгілі. Мұндай атау мемлекеттік басқару жүйесіне тарихи сабақтастық сипат беріп, ұлттық құндылықтармен үндестігін айқындайды. Жаңартылған құрылым партиялық тізімдер арқылы жасақталады. Бұл саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып, саяси бәсекелестікті дамытуға ықпал етуі мүмкін. Партияішілік іріктеуден өткен кандидаттар партияның алған дауыс санына сәйкес мандат иеленеді. Жаңа Конституция жобасына сәйкес, Мемлекет басшысы Вице-Президентті, Премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін және Жоғарғы аудит палатасының 8 мүшесін Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Бұл тетік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және өкілді органның рөлін күшейтуге бағытталған. Жалпы алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, өкілеттіктерді нақтылауға, сот жүйесін жетілдіруге және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту арқылы халық пен билік арасындағы өзара байланыс күшейе түседі.
Жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты басымдық ретінде айқындалып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту көзделген. Сонымен қатар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әлеуметтік кепілдіктерді нақтылау мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Адам құқықтарының конституциялық деңгейде нақты бекітілуі әрбір азаматтың заң алдындағы қорғалуын күшейтіп, құқықтық мәдениетті арттыруға мүмкіндік береді. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі құндылығы ретінде белгіленгені әділетті, ашық және тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыруға және еліміздің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына құқықтық негіз қалайды. Мұны Конституция жобасының басты артықшылықтарының бірі санауға болады. Өйткені құқықтар мен міндеттердің нақты айқындалуы қоғамдағы құқықтық тәртіптің нығаюына ықпал етеді. Сондай-ақ азаматтардың қоғамдық және саяси үдерістерге қатысу аясын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуін қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің алғышарты ретінде қарастыруға болады.
Конституциялық нормаларда азаматтардың заңды мүдделерін қорғау тетіктерінің күшейтілуі қоғам үшін оң өзгеріс әкелмек. Бұл құқықтық қауіпсіздікті арттырып, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтады. Сонымен бірге бірлік пен келісім идеясын алдыңғы қатарға шығару да қоғамдағы этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ететіні сөзсіз. Конституция жобасында азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын кеңейту мәселесі де назардан тыс қалмапты.
Жаңа Конституцияның халықтың сұранысына негізделгенін, ол Мемлекет басшысының жүргізіп отырған жүйелі реформалардың дәйекті жалғасы екенін атап өткен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ата Заң жобасының қоғамда қордаланған әділдікті орнықтыру, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету және баршаға тең мүмкіндіктер беру жөніндегі талаптарға берілген жауап екенін айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, халық тарапынан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті. Азаматтар елдің болашағы, қағидаттар мен құндылықтар туралы көбірек айта бастады. Осының бәрін саралай келе, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Елдегі саяси жүйе тұтастай жаңарып жатыр. Биліктің барлық тармақтары қайта құрылуда. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы беки түседі, – деді Мәжіліс Төрағасы «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясын бастап жұртшылықпен кездесу барысында.
Жаңа Конституциядағы өзгерістерді заман талабы деп есептеймін. Себебі өркениет өріне қадам басқан еліміз үшін заман көшінен қалып қоймауы керек. 15 наурызда өтетін референдум – ел дамуына қатысты маңызды қадам. Сондықтан облыс тұрғындарын референдум учаскелеріне келіп дауыс беруге шақырамыз. Өйткені әрбір азаматтың дауысы маңызды.
Қанат БЕКЕЕВ,
«Ауыл» партиясы Алматы
облыстық филиалының төрағасы




