☀️
22°C
Қонаев
Сейсенбі, Сәуір 14, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар Әлеумет

    Нұрбақыт Теңізбаев, Кеген ауданының әкімі: Жұмыс орындары көбейсе, жастар ауылға қайтады

    14.04.2026
    in Әлеумет, Барлық жаңалықтар, Сұхбат
    Нұрбақыт Теңізбаев,  Кеген ауданының әкімі: Жұмыс орындары көбейсе, жастар ауылға қайтады
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

         Кеген өңірінің өзіне тән ерекшеліктері аз емес. Асқар таулармен көмкерілген өлке тұмса табиғатқа бай. Кезінде атақты Қарқара жәрмеңкесі осында болғаны көп жайды аңғартады. Осындай мүмкіндікті бүгінгі таңда қайта жаңғыртса деген сұрақтарға тұшымды жауап іздеп, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевпен сұхбаттасқан едік. Ел игілігіне қажет игі істердің жүзеге асып жатқанын естідік.

    – Нұрбақыт Молдахметұлы, Кеген ауданы өзінің ғажап табиғатымен елімізге ғана емес, шетелге де таныла бастады. Көлсай мен Қайыңдыны көруге асыққан туристер легі көбейіп келеді. Өңірде туризмді дамытуға қатысты қандай жобалар қолға алынып жатыр?
    – Саумал бұлақ, салқын ауа, түгін тартса май шығатын шұрайлы қырқалар – кереге таулы Кегеннің басты байлығы. Ата-бабаларымыз оны тиімді пайдаланудың жолын жақсы білген. Мал бағып, егін өсірумен кәсіптенген. Табысқа шаш-етектен кенелген. Өңірдегі шаруалар ежелгі дәстүрін қайтадан нығайтып жатыр. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да аз емес. Өйткені аграрлық сала – ел экономикасының драйвері. Сонымен қатар елімізде туризм саласының дамуы бізге де әсер етпей қоймады. Көркіне көз тоймайтын Көлсай мен Қайыңдыға келушілер саны көбейді. Орта Меркі, Шет Меркі және Қара шатқал да саяхатшылар назарында. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес туризмді дамыту бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар жолға қойылды. Облыс әкімі Марат Елеусізұлы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға көңіл бөліп, оны жан-жақты дамытуға қолдау көрсетіп отыр. Соның арқасында ауданда жол сапасы жақсара бастады. Электр қуаты мен интернет желісіне қатысты түйткілдер де бірте-бірте шешімін табуда. Мәселен, Көлсай көлдері аумағында жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жол салынды. Қайыңды көліне апаратын автожолға асфальт төсеу жұмысы биыл толық аяқталады. Альпинистер лагері орналасқан аумаққа баратын жол да заман талабына сай жаңғыртылмақ. Бұдан бөлек Күрметі, Орта Меркі, Шет Меркі және Тұйық ауылындағы сарқыраманы табиғи нысандар ретінде қарастырып, оларды дамытудың жоспары күн тәртібіне енді. Мұның бәрі өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, жұмыс орындарын көбейтіп, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етеді деп болжаймыз.
    Ауданда туризм саласын дамытуда «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі маңызды рөл атқарады. Аталған мекеменің дерегіне сүйенсек, былтыр Көлсай көлдеріне келген туристер саны 600 мыңнан асқан. Сонымен қатар «Кеген – Түп» шекаралық өткізу бекеті арқылы көрші Қырғыз еліне, атап айтқанда «Қарақол» шаңғы базасына және Ыстықкөлге бағыт алғандар 200 мың адамға жуықтаған. Оған Шарын шатқалына баратын демалушыларды қосыңыз. Сонда өңірге келген туристердің жалпы саны миллионнан асады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан әрі көтеріледі деген сенімдеміз.
    – Таулы өлке туристерді тағы бір ерекшелігімен тәнті еткелі отыр. Қара шатқалда әйнек көпірдің құрылысы басталды. Сөз жоқ, ол еліміздегі ерекше жобалар­дың қатарында. Осыған ұқсас тағы қандай жаңалықтарды атар едіңіз?
    – Өңірдің туристік әлеуеті жақсарған сайын инвесторлардың да қызығушылығы артады. Дәлел ретінде отандық «АСК Групп» компаниясының игі бастамасын айтуға болады. Қазір аталған компания Қара шатқалдағы заманауи әйнек көпірге бар күшін салғалы отыр. Жоба құны – 2,5 миллиард теңге. Оған қажетті инвес­тиция да дайын. Тиісті техникалар жасақталды. Жұмыс қарқын алады деп күтудеміз. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, әйнек көпір салынған елдерде туристер ағыны айтарлықтай көбейіп, келушілер саны орта есеппен 50 пайызға дейін артқан. Сондықтан бұл жоба ауданды ғана емес, еліміздің туристік келбетін жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын.
    Мұндай игі бастамаға ұйытқы болған инвесторларға мемлекет инфрақұрылымды ретке келтіру жағынан көмектеседі. Атап айтқанда, электр желілерін тарту, жол жөндеу бағытында тиісті жұмыстар атқарылады. Қара шатқал тек табиғи көркімен ғана емес, заманауи туристік нысандарымен үлкен орынға айналуға тиіс.


    – «Жол мұраты – жету». Тамаша мекенді көруге, неше шақырымды артқа тастап, қиналмай келуге жолдың тигізетін әсері мол. Өңірдегі жол сапасына қатысты не айтар едіңіз?
    – Әрине, сапалы жолдар аудан тұрғындары үшін де, туризмнің дамуы үшін де өте маңызды. Кеген ауданының аумағында 770 шақырым жол бар. Соның ішінде Қырғыз еліне өтетін, Нарынқолға және Көлсайға қарай бағытталған жолдар республикалық маңызға ие. Ал ауыл ішіндегі көшелердің бәрі ауданға қарайды. Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында қолға алынған жұмыстар аз емес. Мәселен, 2024-2025 жылдар аралығында 15 елдімекеннің ішкі жолдарына асфальт төселіп, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасалды. Облыстық жол басқармасы арқылы да бірқатар жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
    Ал жылдар бойы халықтың жанай­қайына айналған «Кеген – Нарынқол» тас жолы да назардан тыс қалған жоқ. Былтыр «ҚазАвтоЖол» мекемесі арқылы қомақты қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүзеге асты. Жоспарға сәйкес, биыл күзге дейін аудан аумағындағы республикалық жолдардың 95 пайызы толықтай жаңарып, пайдалануға беріледі деп пайымдап отырмыз.
    Жуырда Кеген мен Нарынқол арасын­дағы жол учаскесін су шайып кеткені туралы хабар тарағанын жақсы білесіздер. Осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салайын. Аталған құрылыс 1960-70 жылдары салынған. Жолдың астындағы су ағатын құбырдың жарамдылық мерзімі әлдеқашан өткен, әбден ескірген. Мамандар қауіпті алдын ала біліп, тиісті орындарға күні бұрын ескертті. Бақылауға алынды. Соның арқасында «ҚазАвтоЖол» мекемесінің қызметкерлері кешікпей келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізе бастаған. Ал жол аяқ астынан опырылып түсті деген ақпарат біржақты көзқарасқа негізделген. Биыл көктемде күн күрт ысыды. Таудан аққан судың екпіні қатты болды. Табиғаттың тосын мінезі жөндеу жұмысына кедергі келтіргені анық. Қазір бұл учаскеде уақытша айналма жол жасалып, көліктер кедергісіз өтуде.
    Мұндай жағдайдың алдын алу үшін жыл сайын күз мезгілінде жол бойындағы су өткізу жүйелері – арықтар мен құбырлар толықтай тазаланып, бәріне сараптама жасалады. Былтыр да осындай кешенді тексеру жүргізіліп, апаттық жағдайда тұрған бірнеше учаске анықталды. Қазір олардың барлығы бақылауға алынып, кезең-кезеңімен шешімін табуда. Сонымен қатар ауданда ерекше назар аударатын төрт учаске бар. Әсіресе жауын-шашын мол түскен кезде сел жүру қаупі күшейіп, алаңдатады. Бұл бағытта да алдын алу шаралары барынша күшейтілген.
    Аудан тұрғындары мен туристер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру – басты жауапкершілігіміз және міндетіміз.


    – Инвестиция – қаржы, қаржы – қозғаушы күш. Осын­дай негізде демалыс орын­дары көптеп салынса, түрлі өндіріс ошақ­тары бой көтерсе, өңір өркендеп, ауыл тұрғындары жұмыспен қамты­латыны рас. Инвестицияны қажет ететін салалардың ахуалына да тоқтала кетсеңіз.
    – Жеке кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, өңірге инвестиция тартуға тұрақты көңіл аударамыз. Мәселен, 2021-2024 жылдары құны 12 млрд теңгеге жуық 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Ал алдағы кезеңге деген жоспарымыз бұдан да ауқымды. 2025-2029 жылдарға 200 млрд теңгеден асатын 50-ден астам жобаны белгіледік. Қазірдің өзінде кәсіпкерлер осы жобаларға қызығушылық танытуда.
    Өңірде су электр стансасын салу бойынша нақты жұмыстар басталды. Бүгінгі таңда Алғабас ауылында қуаты 4 МВт болатын станса құрылысы жүріп жатыр, сәуір айында қуаты 10 МВт болатын тағы бір жобаның құрылысы іске қосылады. Аталған нысандар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның энергетикалық әлеуеті арта түсетіні анық.
    Туризмді жандандыру үшін жасалатын қонақүй, мейрамхана және демалыс орындарына инвестор тартылды. Бұл тізімге әйнек көпір жобасы, Шарын шатқалындағы туристік орталық, Көлсай-1 мен Көлсай-2 арасын жалғайтын қанатты жол, сондай-ақ «Компас» жанармай бекетінің құрылысы кіреді. Орта Меркі, Шет Меркі және Тұйық ауылындағы сарқырамаға баратын туристер үшін инфрақұрылым жақсартылып, жарық тартылды. Ұлттық нақыштағы қазақ үйлер тігіліп, этноауылдар пайда болды.
    Бүгінгі таңда аудан халқы туристерді және басқа тұтынушыларды ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Осы бағытты өркендету мақсатында өңірде ет комбинатының құрылысы басталды. Облыс әкімінің қолдауымен «Базис» компаниясы құны 3 млрд теңге болатын жобаны аяқтады. Биыл пайдалануға беріледі.
    Сүт өндірісінде де оң өзгерістер бар. «Талас СПК» кәсіпорны мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен өндіріс көлемін 2 тоннаға дейін ұлғайтты. Ауданда сүт өнімдерін өңдейтін екі зауыттың құрылысы басталады. Жоба құны – 400 млн теңге. Қой-ешкінің саны 200 мыңнан асты. Осыған байланысты құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жүн өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр, биыл толықтай іске қосылады.
    Әрине, мұндай ірі жобаларды ойдағыдай жүзеге асыру оңай емес. Мемлекеттің қолдауы, жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі – оның басты кепілі. Біз әрбір округ әкімдеріне, бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктедік. Негізгі мақсат – инвестиция тарту және экономикаға керек жобалардың санын одан әрі арттыру.
    «Кеген – Түп» шекаралық өткізу бекетінің ашылуы – ауданымыз үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет басшысының Қырғыз Республикасына жасаған сапары барысында осы мәселеге ерекше көңіл бөлінді. Енді бұл жерде құны 21 млрд теңгені құрайтын жоба негізінде заманауи кеден бекетінің құрылысы басталды. Осындай жайдарман жаңалықтар көңіл қуантады. Ауданымызда жаңа жұмыс орындары көбейсе, қалаға кеткен жастар ауылға қайтадан оралады. Осының бәрі – ел игілігі үшін жасалып жатқан игі қадамдар.


    – Лайым, солай болсын! Енді кооператив құруға тоқталайық. Ол – заман талабы. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да халыққа арнаған Жолдауында үнемі айтып келеді. Өйткені бірлескен істе береке бар. Кооператив құруға өңір шаруалары қалай қарайды, белсенділігі мен құлшыныстары қандай?
    – Бұл бағытта облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы тарапынан «Ауыл аманаты», «Кең дала» секілді бірқатар мемлекеттік бағдарлама ұсынылып, шаруаларға түрлі мүмкіндіктер қарас­тырылған. 2024-2025 жылдары кооператив құру арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 180-ге жуық шаруа 1 млрд 700 млн теңгеден астам қаржыға қол жеткізді. Қазіргі таңда тағы 50-ден астам жоба облыстық деңгейде қаралу үстінде. Ауыл еңбеккерлері кооперативтің тиімділігін біле бастады. Олардың құлшынысы мен белсенділігі қуандырмай қоймайды.
    Кооператив құруда Кеген ауданы облыс бойынша алдыңғы қатарда. Бүгінде 40-қа жуық кооператив аяқтарынан тік тұрды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауылдық округ әкімдерінің, осы салаға жетекшілік ететін аудан әкімі орынбасарының бұқараға жөн көрсеткендері пайдасын тигізді. Сонымен қатар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан кооперативтің тиімділігін ұқтырған келелі кеңестері де өз үлесін қосты.
    – Мәдениет үйлері ауыл мәдениетін жандандыра бастады. Жаңарған өнер ошақ­тарында білікті мамандар жеткілікті ме? Кадрлар қатарын толықтыру жайына қалай қарайсыздар?
    – Ауданға әкім болып келгелі мәдениет саласына айрықша көңіл бөлуді басты міндеттердің бірі деп санадым. Әрине, бұл бағытта бұған дейін де ауқымды жұмыстар атқарылған. Дегенмен уақыт талабына сай жаңашылдық бәрібір қажет. Осы орайда ауданның тумасы, мәдениет саласының білікті маманы, Алматыдағы республикалық мекемелерде қызметтер атқарып ысылған Ернат Ысқақ бауырымызды бірге жұмыс істеуге шақырдық. Ол бекер келген жоқ, аудан мәдениетіне жаңа леп әкелді.
    Бүгінде өңірдегі мәдениет нысандары жаңа кейіпке еніп жатыр. Былтыр 3 жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Биыл тағы екі өнер ошағын жаңғыртуды жоспарлап, сметалық жобасын дайындап қойдық. Әрине, өнердің бастауы – жас ұрпақтың тәрбиесі. Осыны ескере отырып, Кегенге кіреберістегі екі қабатты ғимаратты толық күрделі жөндеуден өткізіп, өнер мектебінің балансына бердік. Қазір аталған өнер мектебі мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің есімімен аталады. Мұнда мыңға жуық бала өнердің әр саласы бойынша білім алып, қабілеттерін шыңдауда. Сонымен қатар барлық орта мектептерде көркем­өнерпаздар үйірмесінің сапалы жұмыс істеуін қадағалаймыз. Оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыруға жағдай жасауға мүдделіміз. Облыс әкімінің қолдауымен ашылған Жастар орталығы бар. Алдағы жоспарлар да ауқымды. Аудан орталығында заманауи кітапхананың сметалық жобасы дайын тұр.
    2025 жылы мәдениет саласына 30-ға жуық жаңа штат беріліп, биыл да қосымша мамандармен толықтырылды. Сондай-ақ материалдық-техникалық база да нығайып келеді. Сахна жабдығынан бастап, қызметкерлердің киім-кешегі мен гастрольге баратын көліктеріне дейін толық қамтамасыз етілді.
    Мәдениет саласындағы нәтижеге тоқта­латын болсақ, 2024 жылы ауданның мәде­ниет қызметкерлері Наурыз мерекесіне арналған облыстық көрмеде бірінші орынды иеленсе, биыл да үлкен марапатқа қол жеткіздік. Атап айтқанда, Кеген халық театры республикалық байқауда Ернат Ысқақтың пьесасын сахналап, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл – аудан мәдениетінің деңгейін көрсететін үлкен жетістік.
    Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің «Ел дамысын десең, мәдениетке көңіл бөл» деген ұлағатты сөзі бар. Осы ұстанымды біз үнемі басшылыққа аламыз. Мәдениет саласына салынған инвестиция – ұлттың болашағына салынған инвестиция. Біз осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз.
    – Әрине, әкімдік қызметіңіз өзінше бөлек. Сонымен бірге барша халық, әсіресе, жастар сізді еліміздің Көк Туын әлемдік арена­да желбіреткен Олимпиада жүлде­гері ретінде құрметтейді. Өскелең ұрпаққа айтар қандай ақыл-кеңесіңіз бар?
    – Мен көпбалалы отбасында өсіп, ержеттім. Ата-анам мал шаруашылығымен айналысты. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп, еңбекке ерте араластық. Мектеп қабырғасында ұлағатты ұстаздардан білім алдық.
    Өмірімдегі үлкен бетбұрыс спорт саласы болды. Аядай ғана ауылдан басталған сол жол Олимпиада биігіне дейін жетеледі. Бұл – мені тәрбиелеген ата-анамның, ұстаздарым мен бапкерлерімнің жеңісі. Спортпен шұғылданған адам шыдамды, еңбекқор, мақсатшыл келеді. Қиындыққа мойымай, алға ұмтылуды үйренеді. Мұндай қасиеттер адамды патриот болуға жетелейді. Ал Отанын сүйген азамат әрдайым еліне адал қызмет етуге ұмтылады. Сондықтан қай салада жүрсек те, Алла мүмкіндік беріп, ел сенім артса, сол міндетті абыроймен атқару – азаматтық парыз. Тіпті бір күн болса да, елге пайда тигізіп кету – үлкен бақыт. Әрқайсымыз тамшыдай болса да елдің дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек.
    Абылай ханның «Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік, білімге сенген заманда ешкімнен кем қалмайық» деген өсиеті бар. Бір кездері даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров ағамыз: «Қазақстанда бес мың ауыл болса, сол ауылдардың әрқайсысында мен секілді бес мың азамат табылар. Әрқайсысы өз ауылына жанашырлық танытса, еліміз әлдеқашан өркендейтін еді», – деген еді. Бұл – үлкен аманат. Осындай өсиет сөздерді бағдаршам етсек, біз ұлт ретінде ұтамыз, мемлекет ретінде дамимыз.
    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан – Болат Мәжит
    Кеген ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    «Ыстық нүктенің» отына шарпылған…
    14.04.2026
    Тұтынушы құқығы заң аясында қорғалды: Департамент араласқан соң ірі көлемдегі қаражат қайтарылды
    14.04.2026
    Алматы облысында тұрмыстық техникаға қатысты дау шешілді
    14.04.2026
    Сотқа дейінгі реттеу нәтижесі: тұтынушы шығыны өтелді
    14.04.2026
    Тұтынушы өтініші нәтижесіз қалмады
    14.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>