⛅
26°C
Қонаев
Бейсенбі, Сәуір 30, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    ҒЫЛЫМ ЖОЛЫ

    Ұстаз, ғалым, ақын Әнуар ТАРАҚОВ – 70 жаста!

    30.04.2026
    in Барлық жаңалықтар
    ҒЫЛЫМ ЖОЛЫ
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Ғұлама Ахмет Байтұрсынұлының: «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, білім де сондай керек», – деген қанатты сөзі филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Тарақовқа арналғандай. Әнуар Сауатұлы 1956 жылы Райымбек ауданы Шалкөде ауылында туған. 1980 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін бітірген. 1980-90-жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінде корректор, тілші, аға тілші, жауапты хатшы орынбасары болды. 1990-1992 жылдары республикалық «Парасат» журналында бөлім редакторы, 1992-2000 жылдары «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі, 2000-2001 жылдары Халықаралық мамандықтар институтында аға оқытушы және «Қазақ үні» газеті редакторының орынбасары, 2001-2002 жылдары халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды.

    Әнуар Тарақов 1998 жылы «Өлең-толғаулар, тарихи жыр-дастандардағы Абылай хан тұлғасы» тақырыбында қазақ әдебиеті мамандығы бойынша кандидаттық диссертация, ал 2006 жылы «Қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлға проблемасы (Абылай хан бейнесінің көркемдік тағылымы)» атты докторлық диссертация қорғаған. Ғалым Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, М.Дулатов атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, аудармашы, журналист. 2002 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультеті шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы, доценті, профессоры. 2012-2015 жылдары аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі болды. Осы уақытта кафедра зор жетістіктерге жеткенін баса айтуымыз керек. Әнуар Сауатұлының басқаруымен бұл кафедра университет бойынша 48 кафедраның ішінде үздік 4-орынға көтерілді. Ал факультет бойынша 7 кафедра арасында 1-орынға тұрақтады. Сонымен қатар кафедра оқытушылары халықаралық екі ғылыми жобаны жеңіп алды. Аударма мамандығы бойынша білім алатын студенттердің саны артты. Жас аудармашылардың алғашқы тәжірибелік жинағын құрастырып, «Қазақ университеті» баспасынан шығарды.
    Әнуар Сауатұлы қазіргі уақытқа дейін студенттер мен магистранттардың, PhD-лардың ғылыми-шығармашылық жұмысына жетекшілік жасайды. Ғалымның қазақ әдебиеті, әдебиеттану, фольклор, аударма, журналистика, өнер мәселелеріне қатысты 300-дей зерттеу мақаласы өзінің құндылығымен бірқатар зерттеуге негіз болған. Ғалымның «Алаштың айбын-ардағы – Абылай хан», «Абылай хан» атты монографияларында тың тарихи деректерді қамти отырып, зерттеген. Абылай ханның қазақ халқына сіңірген айрықша қолбасшылық, дипломатиялық, қайраткерлік еңбегін саралап, жаңа ғылыми тұжырымдар жасаған. Бұдан кейін де Абылай ойларындағы елдік мүдделер, болашақ бағдарлары туралы баспасөз беттеріне сұхбаттар берді. Ә.Тарақов – аударма ғылымына арналған көптеген оқу құралының авторы. Табиғатынан сабырлы, рухани мәдениеті жоғары, кішіпейіл, адамгершілік қасиетті бойына сіңірген, жастарға беретін білімі мол Ә.Тарақовтың аударматану ғылымы саласындағы зерттеулері, атқарып жүрген қызметі өз алдына бір шоғыр. Ол «Аударма психологиясы мен мәдениеті» , «Аударма әлемі», «Ауызша аударма», «Әлем әдебиеті және көркем аударма», «Аудармашының кәсіби қызметінің негіздері», «Аударма теориясы», «Аударманың теориялық және практикалық мәселелері», «Аударма ісінің негіздері және стилистика», «Aбaйдың aудaрмaшылық тaлaнты» , «Әлем әдебиеті және көркем аударма», «Поэзия аудармасы» сынды оқу құралдарының авторы ретінде белгілі. Осы ғылыми еңбектерінде аударманың теориясы, техникасы, технологиясы, психологиясы, тәжіри­бесі жан-жақты сарапталған.
    2014 жылы болашақ жастарға арнап «Жастар тәрбиесі және дәстүр сабақтастығы» атты тәрбиелік-әдістемелік құралын шығарған. Ғалым ұлы Абай шығармашылығын зерттеуге де назар аударып, көлемді ғылыми еңбек жазды. Атап айтқанда, «Кемеңгерлік кереметіндегі көркемдік (М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының кұндылықтарын жаңаша пайымдау)», «Ғаламның жыр данасы», «Абайдың аудармашылық таланты» сияқты еңбектерінде Абай шығармашылығын жаңа қырынан зерттейді, бұрынғы зерттеушілер еңбегін бағалай келе, жаңаша талдау жасады. Онда Абайдың мұрасын, өлеңдерінің текстологиясын терең зерттеуге назар аудару керектігіне тоқталады. Абайдың аудармашылық шеберлігіне арнап бірнеше ғылыми мақала жазған. Мәселен, «Абайдың аудармашылық шеберлігі және ізденісі», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» жырындағы ұлттық рух», «Абай шығармаларындағы тәуелсіздік мұраттары», «Ойнақтап толқып, жел гулеп», «Гете – Лермонтов – Абай: ой мен сезім үндестігі», «Абайдың аудармалары», «Абай жастарға не айтты?», «Абай шығармаларындағы Тәуелсіздік мұраттары», «Абайдың Лермонтовтың «Теректің сыйы» өлеңін аудару шеберлігі», «Бірінің-бірі сөзін құп алмай жүр» (Абай өлеңдеріндегі ел тағдыры)» сынды мақалалары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланан. 2024 жылы «Дәуір» баспасынан ғалым­ның «Адамзаттың ақыны – ақиқаты» атты көлемді монографиясы жарық көрді. Монографияда қазақ халқының ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы әлемдік әдебиет деңгейінде талданып, сарапталады. 2025 жылы И.Әзімбаевамен бірлесіп, «Поэзия аудармасы» оқу құралы жарық көрді. «Поэзия аудармасы» оқу құралы – студенттер мен магистранттарға теориялық әрі практикалық тұрғыдан аудару әдіс-тәсілдерін, техникасын меңгеруге бағытталған оқу құралы.
    Ол аударма теориясы мен тәжіри­бесіне арналған ғылыми мақалалар мен әдістемелік жинақтардың авторы ретінде де танымал. Университеттің аударма мамандығында оқитын студенттеріне аударманың қыр-сырын үйретіп жүрген ардақты да аяулы ұстаздарымыздың бірі. Ғалым-ұстаз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен магистранттарына, докторанттарына «Аударма теория­сы», «Аударма тәжірибесі», «Аудар­ма­танудағы зерттеу әдістері», «Кәсіби салалық аударма тренингі», «Салыстырмалы әдебиеттану және аударма», «Поэзия аудармасы», «Аудармашының шығарма­шылық лабораториясы», «Аудармадағы смарт технологиялар», «Әдебиеттанудағы компаративизм», «Аударманың әдебиеттану аспектілері», «Аударма теориясы мен тәжірибесін заманауи оқыту әдістемесі», «Көркем мәтіннің интерпретациясы және аудармасы», «Ауызша аударманың заманауи теориясы мен практикасы» деген тақырыптарда дәрістер өткізіп, семинар сабақтарын жүргізеді. Оқытушының әр сабағы болашақ аудармашылардың қалыптасып, мамандануына көп септігін тигізетіні сөзсіз. Ә.Тарақов мерзімді баспасөз беттерінде, ғылыми конференцияларда Г.Гете, Э.Хэмингуей, Ш.Айтматов сияқты әлем классиктерінің шығарма­ларын қазақ тіліне аударылуы туралы ғылыми мақалалар жазды, баянда­малар жасады. Бірқатар еңбегі Англия, Словакия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа елдерде жарық көрді. Ол факультеттегі жас оқытушыларға арнап түрлі ғылыми семинарлар өткізіп отырады. Бұл ғылыми тәжірибелік семинарларға басқа жоғары оқу орындарының ұстаздары да үзбей қатысады. Осы жерде мынандай халық даналығы еріксіз есімізге түседі: «Ілім үйреніп, одан соң оны басқаларға үйретпеу мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай, көміп қойғанмен бірдей». Ал Ә.Тарақов өз білімін шәкірттерінің бойына дарытуды басты міндеті санайды.
    Мерейтой иесі Әнуар Сауатұлының тағы бір шығармашылық қырына тоқталуды жөн көрдік. Ол – өзіндік сөз саптауы бар талантты ақын. Екі-үш поэзиялық шығарманың авторы. Бірқатар өлеңіне композиторлар ән жазған. Өлеңдері екі ұжымдық жинаққа енді. 2015 жылы «Баянжүрек» баспасынан «Жүрек жалқыны» деген жеке жинағы жарық көрді. Ақынның талантын айғақ етер мына бір жыр жолдарын да оқырманға ұсыну артық болмас:
    Бойдағы барды бағалай білмеу – ең соры,
    Бұлқынып ағар бұлақтың көзін аша біл.
    Бұғып бір қалса, табуың қиын сен оны,
    Өзгеден ерен қасиет сенде бар болар,
    Бойдағы біткен ізгіліктерге жалғанар.
    Қызарған шоқты өшірме, үрле, алаулап,
    Маздасын өршіп, шабыттан, шаттан, арқалан!
    Бар болса, өнер, жаға біл, маздат алауын,
    Талпынып тұрсаң, тау алар болсын талабың!
    Өзіңді-өзің жасыта көрме жалғанда,
    Қайтпасын кері жасаған игі қадамың.
    Бойдағы өнер, талант, білім барында,
    Арында алға, арманға жет те, дамылда.
    Бар болса лаулап, тұншығып бойда қалмасын,
    Дарын да жалын, жаралған жарық жануға!
    Әнуар Сауатұлының универ­ситеттегі ширек ғасырлық еңбек жолы, әлі күнге дейін шәкірттерін біліммен сусындатып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүргені кейінгі буынға үлгі-өнеге екеніне сеніміміз мол. Ағамыздың ең жақсы ұстаз-ғалым және парасаттылығы мол адам ретінде ұжымда қадірі әрдайым биік. Алдағы уақытта да университетіміздегі оқытушы-профессорлар, студенттер мен магистранттар, докторанттар ортасында жаңа ізденістерімен үлкен сый-құрметке бөлене берсін дейміз.

    Гүлмира ҚАЗЫБЕК,
    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры
    Индира ӘЗІМБАЕВА,
    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы

    Соңғы жаңалықтар

    Тәртіп пен тазалық – жарқын болашақтың кепілі
    30.04.2026
    Үздік түлектерге – мемлекеттік қызметке жаңа мүмкіндік
    30.04.2026
    QOSTANAI TECH Қостанай облысының цифрлық трансформация көшбасшыларының бірі ретіндегі мәртебесін растады
    30.04.2026
    Қазақша әріп таныған
    30.04.2026
    Этнос басылымдары
    30.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>