1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Есік қаласындағы Жамбыл атындағы орталық саябақта мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекеге аудан тұрғындары мен этнос өкілдері қатысып, елдегі татулық пен бірліктің маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Саябақ аумағында славян, ұйғыр, күрд, түрік, грек этно-мәдени бірлестіктері шатыр тігіп, ұлттық мәдениеті мен тарихын таныстырды. Мереке қонақтарына ұлттық астан дәм татқызып, ән мен биден шашу шашты. Сонымен қатар аудандағы қолөнер шеберлері де үлкен көрме ұйымдастырып, ата-бабадан мұра болған тері илеу, зергерлік, металл өңдеу, көрпе-жастық тігу, құрақ құрау сынды асыл өнерді көпшілік назарына ұсынып, жасаған бұйымдарын сатылымға шығарды.
Мерекелік іс-шараны ашқан аудан әкімі Талғат Байеділов: «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» деген – ұранға айналған құр сөз емес, еліміздегі шынайы өмір көрінісі. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ата-бабамыздың сөзіне сай, бүгінде ұлтаралық татулықты нығайтуға елімізде тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына күш салып, жұдырықтай жұмылып, бірлік пен ынтымақта тіршілік етіп келеді. Осы бірлігіміз әрдайым бекем болсын» – деп мереке қонақтарын құттықтап, Қазақстан халқының бірлігі күні – татулық пен тұрақтылықтың, өзара сыйластық пен келісімнің айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Бірлік пен татулық – елімнің тұғыры» атты мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының концертімен жалғасын тапты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




