Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, бүгін Қарасай аудандық Мәдениет үйінің алаңында «Бір шаңырақ астында» атты мәдени шара ұйымдастырылды. Ұлт пен ұлысты ұйыстырған бұл басқосуға аудан әкімі Жасұлан Естенов қатысып, көпшілікпен бірге мерекені атап өтті.
Аталған шарада ерекше назарға алынған бастама – «Yerkinay» кондитері ұйымдастырған қайырымдылық шарасы болғаны анық. Тәтті өнімдермен айналысатын ұжым дәл осы мерекеге орай 5 метрлік торт дайындап, оның әр тілімін халыққа қолжетімді, тиімді бағамен сатуға шығарды. Ал одан түскен қаражат «Сәуле Сапар» оңалту орталығындағы бүлдіршіндер үшін құрал-жабдықтар алуға жұмсалады.
Қайырымдылық шарасын аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлынан бастап алаңға жиналған жұртшылықтың көбі қолдап, игі іске бірлесе атсалысты. Сонымен қатар аудан басшысы бұл шарада этномәдени орталықтардың көрмелерін аралап, әрбір ұлттың салт-дәстүрімен, жетістіктерімен, ел бірлігі жолындағы атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлімінде алдымен аудан әкімі Жасұлан Естенов сөз сөйлеп, айтулы күннің маңыздылығына тоқталып, барша Қарасай жұртына ақ тілегін арнады. Одан кейін өз атынан бірнеше этномәдени орталықтың өкілдері мен кәсіпкерлерге Алғыс хаттар табыстады. Шара барысында халыққа концерттік бағдарлама ұсынылып, әуезді әндер мен сахналық көріністер көрсетілді.
Айта кетейік, бұл мереке аясында аудан халқына қайырымдылық шарасынан бөлек, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, отандық өнімдердің көрмесі, сауда-саттық ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрінен жарыстар өткізілді. Ал шара соңында «Yerkinay» кондитерінің басшысы Еркінай Сапарбава торттан түскен қаражатты және одан бөлек балалардың болашағы үшін деп қосымша 1 млн теңгені «Сәуле Сапар» оңалту орталығының директоры Сәуле Рахымжановаға табыс етті. Осылайша Қазақстан халқының бірлігі күнінде қарасайлықтар береке-бірлікте екендерін танытып, жақыс істің қасынан табылды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы



