Маскүнемдік – адамның денсаулығына ғана емес, оның отбасы мен қоғамдағы орнына да кері әсер ететін әлеуметтік дерттердің бірі.
Осы орайда Кеген аудандық ауруханасында«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында алкоголизмнің алдын алуға арналған түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
-Алкогольге тәуелділік — адамның денсаулығына, отбасының әл-ауқатына және қоғамның қауіпсіздігіне кері әсер ететін өзекті әлеуметтік мәселе, — деген Медициналық бөлім бойынша директордың орынбасары Мұрат Серікұлы алкоголь жүрек, асқазан, бауыр және қан тамырлары сияқты маңызды органдарға теріс әсер ететіндігі, алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс тұтынудың адам денсаулығына, отбасы берекесіне және қоғамдық тәртіпке тигізетін кері әсері туралы сөз қозғады.
Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бұл қағидат азаматтардың заң талаптарын құрметтеуін, тәртіпті сақтауды және өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауын көздейді. Маскүнемдікпен күрес те осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі болып табылады.
-Салауатты өмір салтын ұстану және алкогольден бас тарту арқылы біз өз денсаулығымызға және қоғам болашағын жарқын етуге септік етеміз, — дейді сала мамандары.
Әрбір азамат өзінің және айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу және заң талаптарын сақтау — қоғамның тұрақтылығы мен отбасының берекесін қамтамасыз ететін басты құндылықтар.
Салауатты өмір салты — дені сау ұрпақ пен қауіпсіз қоғамның кепілі екенін айта кеткен жөн.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ Кеген ауданы
