Перейти к содержимому
Главная страница » Дарынды жастар — ел болашағы

Дарынды жастар — ел болашағы

Дарынды жастарды қолдау және олардың жетістіктерін дәріптеу – Алматы облысы білім беру жүйесінің негізгі басымдықтарының бірі. Білім мен ғылымға құштар оқушылар халықаралық деңгейдегі зияткерлік сайыстарға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп, өңірдің интеллектуалдық әлеуетін айқын танытып келеді. 2025-2026 оқу жылы Алматы облысы оқушылары үшін табысты кезеңнің бірі болды. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға 67 оқушы қатысып, 29-ы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде 8 алтын, 6 күміс және 15 қола медаль бар. Бұл – жас буынның білімге деген ұмтылысы мен табандылығының нақты дәлелі.

Салыстырмалы түрде алғанда, 2024–2025 оқу жылында 72 оқушы қатысып, олардың 28-і жүлделі орындарға ие болды. 2023–2024 оқу жылында 65 оқушы қатысып, 22 жүлде иеленсе, 2022–2023 оқу жылында 83 оқушы қатысып, 36 жүлделі орынды еншіледі. Халықаралық білім додаларында ел намысын абыроймен қорғаған дарынды оқушылардың жетістігі Алматы облысы әкімдігі тарапынан жоғары бағаланды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар табысталып, еңбектері ерекше құрметке ие болды.

Бұл жетістіктер – оқушылардың таланты мен еңбекқорлығының, ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі. Алматы облысы алдағы уақытта да дарынды жастарды қолдап, олардың биік жетістіктерге жетуіне жан-жақты жағдай жасауды жалғастыра береді.

Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі