Жылдан-жылға артып жатқан көлік санымен қатар жолдағы оқыс оқиғалар да көбейіп тұрғаны рас. Мұндайда жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, тәртіпке бағыну маңызды. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының ұйымдастыруымен аудан аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында күшейтілген полиция жасақтары масаң күйде көлік жүргізу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жылдамдықты асыру және басқа да қауіпті жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтау және жолын кесу жұмыстарын жүргізуде.
«Жол қозғалысы ережелерін бұзу заң жүзінде қандай жауапкершілік жүктейтіні жүргізушілерге жан-жақты түсіндіріліп, жылдамдықты белгіленген мөлшерден асырмау және қауіпсіз арақашықтықты сақтау жөнінде кеңестер берілді. Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты кепілі. Тәртіпке бағынған жүргізуші өз өмірін ғана емес, өзгенің де өмірін сақтайды. Сондықтан барша жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға шақырамыз. Заң мен тәртіпке құрмет көрсету – қауіпсіз әрі бейбіт қоғамның негізі» – дейді Еңбекшіқазақ ауданы АПБ ППР командирі, полиция капитаны Дәурен Күлкеев.
Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге де жолдан белгіленген жерден өту қажеттігін ескертті. Көшенің кез келген жерінен кесіп өткені, яғни Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес, жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын орындамағаны үшін екі айлық есептік мөлшерде айыппұл салынатыны да айтылды.
Жол жағдайын бақылау мақсатында дрондар, бейнебақылау камералары және өзге де заманауи техникалық құралдар пайдаланылуда. Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Құралай МҰРАТҚЫЗЫ


