Перейти к содержимому
Главная страница » Заңға бағыну мәдениеті — қоғамдық тұрақтылықтың негізі

Заңға бағыну мәдениеті — қоғамдық тұрақтылықтың негізі

Қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекеттің өркендеуі ең алдымен заңның үстемдігіне байланысты. Заң үстемдік құрған жерде әділдік салтанат құрып, азаматтардың құқығы қорғалады, қоғамдық тәртіп нығаяды. Сондықтан да бүгінгі таңда «Заң мен тәртіп» қағидасы мемлекет саясатының негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.
Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі – құқықтық мемлекет қалыптастыру. Құқықтық мемлекет дегеніміз – заң бәріне ортақ, ешкім заңнан жоғары тұрмайтын, әр азаматтың құқығы мен бостандығы қорғалатын мемлекет. Осындай қоғам құру үшін әрбір азамат заң талаптарын құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосуы қажет.
Заң — қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін негізгі құрал. Ол адамдардың құқықтары мен міндеттерін айқындап, мемлекет пен қоғам арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етеді. Ал, тәртіп — заң талаптарының күнделікті өмірде орындалуының көрінісі. Заң мен тәртіп егіз ұғым іспетті. Заңсыз тәртіп болмайды, ал тәртіпсіз заңның пәрмені әлсірейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Заң мен Тәртіп» қағидасының маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Президенттің айтуынша, әділетті қоғам құрудың басты шарты — заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл қағида әрбір мемлекеттік органның, әрбір мемлекеттік қызметшінің және барлық азаматтардың қызметінде басшылыққа алынуы тиіс.
Бүгінде елімізде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Өйткені, заңды білу ғана жеткіліксіз, оны құрметтеу және сақтау маңызды. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда құқық бұзушылық азаяды, азаматтар өз міндеттері мен жауапкершілігін терең түсінеді. Мұндай қоғамда адамдар бір-бірінің құқығына құрметпен қарап, ортақ құндылықтарды бағалайды.
Заң мен тәртіптің сақталуы қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі болып табылады. Әрбір адамның қауіпсіз өмір сүруі, білім алуы, еңбек етуі және кәсіпкерлікпен айналысуы заңның қорғалуына байланысты. Егер қоғамда тәртіп болмаса, тұрақтылық әлсіреп, әлеуметтік мәселелер көбейеді. Сондықтан, құқық қорғау органдарының қызметі, мемлекеттік мекемелердің жұмысы және азаматтардың құқықтық сауаттылығы ерекше маңызға ие.
Қазіргі таңда елімізде жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі де «Заң мен тәртіп» қағидасымен тығыз байланысты. Жемқорлық қоғамның дамуына кедергі келтіріп, мемлекетке деген сенімді төмендетеді. Сондықтан адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын нығайту-уақыт талабы. Мемлекеттік қызмет жүйесінде меритократия қағидаттарын енгізу, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және цифрландыру жұмыстары осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Заң мен тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттік қызметшілердің рөлі ерекше. Мемлекеттік қызметші халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір саналады. Сондықтан олардың әрбір әрекеті кәсібилікке, жауапкершілікке және адалдыққа негізделуі тиіс. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті-халыққа сапалы қызмет көрсету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Жастар тәрбиесінде де заң мен тәртіптің орны айрықша. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру арқылы олардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік және әділдік қасиеттерін қалыптастыруға болады. Білім беру ұйымдарында өткізілетін құқықтық сабақтар, кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат заң талаптарын орындап, қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауы тиіс. Азаматтық жауапкершілік жоғары болған сайын қоғам да қауіпсіз әрі тұрақты болады.
Соңғы жылдары елімізде цифрлық технологияларды енгізу арқылы мемлекеттік қызметтердің ашықтығы артып келеді. Электрондық қызмет көрсету жүйелері азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беруде. Бұл — «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудағы маңызды жетістіктердің бірі.
Заң үстемдік құрған елде инвестициялық ахуал жақсарып, экономикалық даму қарқындайды. Кәсіпкерлер өз құқықтарының қорғалатынына сенімді болған жағдайда жаңа жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сондықтан заңдылық пен тәртіп тек құқықтық мәселе ғана емес, экономикалық дамудың да маңызды факторы болып саналады.
Тарихқа көз жүгіртсек, өркениетті мемлекеттердің бәрі заңның үстемдігіне сүйеніп дамыған. Әділ заң мен берік тәртіп қоғамдағы тұрақтылықтың негізін қалап, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл қағида бүгінгі Қазақстан үшін де аса маңызды.
Қорытындылай келе, заң мен тәртіп — мемлекеттіліктің берік іргетасы, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығының кепілі. Әрбір азамат заңды құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқанда ғана Әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз. Заңға бағыну- міндет қана емес, ел болашағына деген жауапкершілік. Сондықтан заң мен тәртіп қағидасын өмір салтына айналдыру — әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Заң үстемдік құрған жерде әділдік орнайды, тәртіп сақталған жерде тұрақтылық болады. Ал тұрақтылық пен бірлік бар жерде мемлекет дамып, халықтың әл-ауқаты арта түседі. Сондықтан «Заң мен Тәртіп» қағидасы — бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың жарқын болашағына бастайтын маңызды құндылық.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы