Облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ресми түрде күшіне енуіне орай «Ата Заң – қуатты Қазақстан!» атты конференция өтті. Жиынға аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев төрағалық етіп, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері және жастар қатысты. Олар енгізілген жаңашылдықтардың маңызы, қоғамның дамуына тигізетін рөлі мен ықпалы туралы пікір алмасты.
Марат Елеусізұлы жиынға жиналғандарды жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтап, жаңа Ата Заң еліміздегі саяси және мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртқанын айтты.
«Жаңа Конституция азаматтардың мемлекеттік басқарудағы рөлін күшейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға, адам құқықтарын қорғауды нығайтуға бағытталған. Президент атап өткендей, «Заң мен тәртіп – мемлекет саясатының ғана емес, ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуы тиіс». Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі», – деген сөзін негізге ала отырып, облысымыздың барша тұрғынын «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына белсенді атсалысуға шақырамын. Бұл – ой-сананың тазалығымен келетін дүние. Бүгінгі күнге дейін облысымызда 104 мыңға жуық ағаш отырғызылды және 440 мың адам белсенділік танытып, жобаның жанашырына айналды», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ жаңартылған Конституцияда білім беру мен ғылым мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғанын, тегін орта білім алуға берілетін кепілдіктер күшейтіліп, алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін жеткізді. Облыс әкімінің айтуынша, биыл өңірде білім беру саласына 409,8 млрд теңге бөлінген. Облыста 1 748 білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 470 мыңнан астам бала білім алып, тәрбиеленуде. Соңғы үш жылда облыста 69 мектеп бой көтерді. 2025-2027 жылдары 91 мектепке күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Биыл 11 нысанда жөндеу жұмыстары жалғасады және 2026-2028 жылдары 11 жаңа мектеп салу жоспарланған.
«Жаңа Конституцияның қағидаттары адамдардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістер арқылы көрініс табуы қажеттігін атап өткім келеді. Бұл әрбір мемлекеттік қызметшіден жоғары жауапкершілікті талап етеді. Формализмге, бюрократияға және азаматтардың мәселелеріне немқұрайлы қарауға жол жоқ. Әрбір басшы өз саласында өзгерістердің бастамашысы болып, қабылданған шешімдердің нақты нәтижесіне жетуі тиіс», – деді Марат Сұлтанғазиев. Сонымен қатар еліміздегі бұрын-соңды болмаған ең ауқымды жоба – «Алатау City» шаһары Алматы облысы аумағында бой көтеріп келе жатқанын айтып, жобаның сәтті жүзеге асуына жан-жақты кірісу керегін жеткізді.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәутәлиев жаңа Конституцияның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғамдық кеңестер мен Халық кеңесінің рөлі артып келеді. Бұл институттар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы тиімді диалог орнатуға ықпал етуде.
Конференцияда кәсіпкерлер атынан сөз сөйлеген «Дәулет-Бекет» шаруа қожалығының басшысы Сыдық Дәулетов елдегі экономикалық реформалар өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталғанын айтты.
«Жаңа Ата Заңның маңызды бағыты – адам капиталы. Заманауи білім, кәсіби мамандар, инновация және еңбек өнімділігінің артуы – экономиканың сапалы дамуының басты алғышарты. Сонымен қатар мемлекет пен бизнес арасындағы өзара сенімнің нығаюы ерекше маңызға ие. Ашық әрі түсінікті қағидаттар кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін арттырып, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді Сыдық Әбуұлы.
Алматы облысының белсенді жасы Алина Кан жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі Қазақстанның жаңа даму кезеңінің басталғанын білдіретін тарихи оқиға екеніне тоқталды.
«Жаңа Ата Заңда заң үстемдігі, әділеттілік, қоғамдық келісім, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, азаматтардың тең мүмкіндіктері мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік сияқты іргелі құндылықтар бекітілген. Бұл қағидаттар әрбір азаматтың, әсіресе жастардың өмірлік ұстанымына айналуға тиіс», – деді ол.
Конференция соңында бірқатар азаматқа Мемлекет басшысының атынан Жаңа Конституцияның арнайы басылымы салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ сиясы кеппеген 2200 дана Ата Заң облыс аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен кітапханаларға таратылды.
Гүлзат БАЙҚОНЫС


