Перейти к содержимому
Главная страница » Бұрымдылар байқауы

Бұрымдылар байқауы

Қазақ халқы ежелден қыз баланың тәрбиесіне айрықша мән берген. Балауса шағынан бастап олардың бойына қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, ұлттық салт-сананы сіңіруге айрықша көңіл бөлген. Бұрымы тобығына дейін түскен қыздарға ерекше құрмет көрсеткен.  Осынау игі дәстүрдің жалғасы ретінде Қарасай ауданы Мерей ауылдық Мәдениет үйінде «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұзын шаш – ұлт көркі» атты байқау өтті.

Қыздар арасында өткен байқауға аудан көлеміндегі мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысып, ұзын шаш өсіру мәдениетімен қатар, қыз балаға тән инабаттылық, ізеттілік сынды қасиеттерді паш етті. 
Тақырып аясында қамтылған көріністердің өзі мәнді-мағыналы болды. Қыздардың ұлттық киімдері, шашбауы мен шолпысы, түрлі әшекейлері әдемілігімен, әсемдігімен бойларына құйып қойғандай жарасып тұрды.
Осы тұста Ұмтыл ауылдық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Эльмира Сүлейменованың тынымсыз ізденіп, тиянақты жұмыс атқарғанын айта кеткен жөн. Сол сияқты игілікті іс-шараға демеушілік танытқан ауыл әкімдігі мен жергілікті кәсіпкер, Көлді ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Төрехан Ермекбаевтың, осындағы сән үйінің негізін қалаған Айжан Отарованың қосқан үлесі аз емес.
Байқауға қазылық жасаған Ұмтыл ауылдық округінің кітапханашысы Гүлім Базарбаеваға, ардагер-ұстаз Бикамал Ұшатоваға, ауыл ардақтысы Айжан Отароваға қатысушыларды әділ бағалағаны үшін көпшілік қошеметпен қол соғып, құрмет көрсетті. Шарада 90 жасты алқымдаған Қарасай ауданының Құрметті азаматы, облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі Елтай Хасенов ақсақал қатысушыларға ақ батасын берді.
Сонымен байқау да мәресіне жетті. Бас жүлдені Макаренко орта мектебінің 8-сынып оқушысы Раяна Мелісқызы жеңіп алды. Бірінші орын Алмалыбақ жайлы мектебінің 5-сынып оқушысы Аяла Алтынбекке бұйырды. Екінші орынды осы мектептің 8-сынып оқушысы Айғаным Жақсылық, үшінші орынды Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Кәусар Еркетай иеленді. Сондай-ақ «Ең көркем бұрым» номинациясын Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Назерке Бабашева, «Ұлттық стиль иесі» номинациясын Алмалыбақ мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Әмина Бекен алды. «Өнерлі ару» номинациясы Алмалыбақ мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Айша Мұратқа берілді. Ал «Нәзік болмыс» номинациясы бойынша Макаренко атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Айымай Болатбекова жүлдегер атанды.
Байқау жеңімпазының басына қазақы нақышта безендірілген әшекейлі тәж тағылса, басқа жүлдегерлерге осындағы сән үйінің жасаған әсем де әдемі камзолдары тарту етілді. Мұның бәрі де Айжан Отарованың сыйлығы. Жеңімпаздар бұдан басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қанат ТӘКЕБАЕВ
Қаскелең қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы
Мерей ауылы,
Қарасай ауданы