«Тіл фестивалі – 2023 жыл». Осындай тақырыппен Кеген аудандық Мәдениет үйінде 5 қыркүйек күні Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі және ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай, облыстық Тіл фестивалі өтті. Бұл мереке «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты.
Еліміздегі тіл саясатын іске асыру, этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту мақсатында ұйымдастырылған фестиваль ақ жаулықты әжелердің ән шашуымен ашылып, «Тіл – татулықтың тірегі» атты кітап көрмесі қойылды.
Тіл фестиваліне Ғылым және жоғары білім министрлігі, Тіл саясаты комитетінің лингвистикалық басқармасының бас сарапшысы Ж.Асанова, Кеген ауданының әкімі Н.Теңізбаев, тіл фестиваліне арнайы шақырылған қонақтар: күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі С.Тұрысбеков, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Д.Ахметов, тіл жанашырлары: К.Тәлімұлы, С.Керімбай, А.Нәби, сонымен қатар аудан, қала әкімдерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарлары, тілге жауапты бөлім басшылары мен мамандары, партия өкілдері мен ұйым төрағалары және ардагерлер кеңесінің өкілдері мен жастар қатысты.
Тіл фестивалінің алғашқы құттықтау сөзін алған аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– Қазақ тілі халқымыздың рухани байлығы, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып отырған баға жетпес асыл мұрамыз. Осы орайда, мемлекеттік тілдің болашағын назардан тыс қалдырмаған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Қаза тілі қазақтың жаны, біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді, Ата Заң бойынша Қазақстан да бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қаза тілі» – деп атап өткендей, еліміз де мемлекеттік тілдің жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Сонымен қатар, бүгінгі шара облыс әкімі М.Елеусізұлының қолдауымен облыстық тіл басқармасының басшысы Д.Дүйсенбіұлының ұйымдастырылуымен өткізіліп отыр. Бүгінгі киелі Кеген жеріне, аудан халқына арнайы ат басын бұрып, өз өнерін паш еткелі отырған әйгілі қазақ композиторы, күйші Секен Тұрысбеков ағамызға алғысымызды білдіреміз, – дей келе, көпшілікке жылы лебізін жеткізді.
Композитор, күйші, домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков жырауларша төкпелете келе, көпшілікке ыстық ықыласын білдірді. Сөз соңында өзі жетекшілік ететін Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония жанындағы «Ақ жауын» камералық оркестрінің өнерін көрсететінін айтып өтті.
Өз кезегінде сөз алған Ғылым және жоғары білім министрлігі, Тіл саясаты комитетінің лингвистикалық басқармасының бас сарапшысы Жанар Асанова:
– Тіл саясатының үйлесімді жүргізілуі тілдердің дамуына жағдай жасауға, көп ұлтты ел-халқының ынтымақ-бірлікте өмір сүруіне игі әсер етеді. Конституцияға сәйкес, еліміз де толерантты тілдік орта қалыптастыра отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесіне сәйкес қызмет етуін қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл бағытта облыстық тіл басқармаларының қосып жатқан үлесі зор. Тіл заңнамасының сақталуын бақылау, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік тілдің қолданысын аясын арттыру бағытында үздіксіз жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ, қазақ тілін және басқа да этностағы тілдерді үйрету курстары ұйымдастырылуда. Ендеше, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі арта берсін, – дей келе, көпшілікті тіл мерекесімен құттықтады.
Тіл фестивалін ұйымдастырып, өткізіп отырған Алматы облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Данияр Ахметов:
– Алаш арыстарының есімі мәңгі құрметке лайық! Дүниеге бекзат болмысымен келіп, жазған дүниесімен мыңдаған жүректерге, қазақ баласының санасына шырақ жаққан, күллі ұрпаққа рухани көсем болған Ахмет Байтұрсынұлының есімін ұлықтау, ол біздің ортақ міндетіміз деп санаймыз. Туған тілдің, туған мәдениетінің басында тұрған ұлт зиялысының тілге деген махаббаты, тілге деген жанашырлығы бәрімізге үлгі. Бүгінгі салтанатты шара өздеріңізге белгілі жақсылар мен жайсаңдар көп шыққан киелі Кеген топырағында өткізіліп отыр. Алты алашқа ұран болған Әлмерек абыз, Райымбек батыр, Жанғабыл шешен, Бөлтірік ақын, Ұзақ, Жәмеңке, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев осы өңірдің арыстары. Сондай ұлылардың құшағында тербеткен қасиетті мекенге қош келдіңіздер! – деп, өз жүрекжарды лебізін жеткізді.
Шара барысында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы дайындаған қарапайым деңгейдегі тіл үйренушілерге арналған әдістемелік оқу құралының тұсаукесер рәсімі өтті. Оқу құралы қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі негізінде қазақ тілін меңгерудің төрт деңгейі бойынша қарапайым бастапқы деңгейге арналған. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі М.Бабашева нұсқаулық кітапты таныстырып, мазұнына қысқаша тоқталып өтті.
Күйші С.Тұрысбеков, аудан әкімі Н.Теңізбаев және Д.Ахметов кітапқа құтты болсын айтып, тұсаукесер рәсімін жүргізді.
Тіл фестивалі аясында өңірдегі тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыруға қосқан үлесі үшін және белсенділік танытып жүрген тіл жанашырлары Ғылым және жоғары білім министрінің және Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталары, алғыс хаттарымен марапатталды.
Фестивальдің концерттік бағдарламасына сәйкес, Сүйінбай атындағы облыстық филармония жанындағы «Ақ жауын» ансамблі жиналған қауымға ән-шашуын ұсынды.
Шара соңында аудан әкімі қонақтарға алғысын білдіріп, сый-сияпат жасап, иықтарына шапан жапты.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы