Перейти к содержимому
Главная страница » Қастандықты жеңген қайсарлық

Қастандықты жеңген қайсарлық

Көрнекті түрік жазушысы Зүлфо Ливанелидің «Бақыт» атты романы адам мен қоғам, адам мен оны қалыптастырған уақыт, кеңістік, заман сынды абстрактілі ұғымдар арасындағы қайшылықтар мен бөліп-жаруға келмейтін тұтастық туралы тереңнен ой қозғайды. Дін мен ескі дәстүрдің құрсауында қалған ер мен әйелдің жан арпалысы арқылы адам танымының тұңғиығына және адам қалыптастырған ортаның қым-қуыт әлеміне барлау жасайды. Мұнда адамның жалғыздығы, болашаққа деген алаң көңіл, қоғамға деген қажетсіздік пен шарасыздық әркез менмұндалап тұрады.

Біз атап отырған кітап – автордың паспортына айналған туынды, ең алдымен Түркияда, сосын Еуропа мен Батыста арты-артынан басылып, бірнеше халықаралық сыйлықты еншіледі. Әлемнің 40-тан астам тіліне аударылған айтулы роман өткен жылы «Steppe & WORLD Publishing» баспасы­нан жарық көріп, қазақ оқырман­­дары­­мен қауышты. Отыз екі тараудан тұратын «Бақыт» романында үш кейіпкердің үш бағыттағы өмірін бірінен соң бірін алма-кезек баяндап, оқырманды жетелеп отырады. Әу баста үш кейіпкер де үш түрлі адам ретінде қарапайым өмір сүреді, ал оқиға өрби келе, үшеуінің тағдыры бір-біріне байланысып кетеді. Бас кейіпкердің есімі – Мәриям. Ол он бес жаста. Анасы оны өмірге әкелерде қайтыс болғандықтан, ауылдастары оны қырсықты қыз ретінде көріп, өмірге артық адам санайды. Жарынан айырылған әкесі ағасымен бірге бір үйде тұрады. Солай бола тұра ағасы інісінің қызының арын аяқ асты етеді. Оқиға осы жерден басталады. Әсіредіншілдіктің құрсауынан шыға алмаған ауылдағылары жас қыздың өлуін тілейді. Бірақ Мәриямның өмір сүргісі келеді. Осылай қараңғылық қапасындағы қаршадай қыздың тағдыр тәлкегіне қарсы күресі басталады. Оқиға өрби келе, оны әскерден қайтқан немере ағасы әкесінің бұйрығымен Ыстанбұлға апарып, өлтірмекші болады. Сүбелі туындыдағы автордың жол мотивін алуы – ерекше. Алып шаһарға барар жолда небір жандар кездеседі. Олардың танымы мен түсінігі, нанымы мен сенімі өзгеше болғанымен, бәрі қорғансыз қызға қолұшын беріп, жан жарасын жазуға жәрдемдеседі. Роман­ның желісін ұстап тұрған кейіпкерлер алуандығы мен автордың философиялық ой-түйіндеулері бір уақ оқырман назарын шығарманың шытырман кеңістігінен кері қайтуға мұрша бермейді. Жолай кездескен кейіпкерлер бойынан түрік қоғамындағы мәдени құндылықтар мен саяси ұстанымдардың шындығы аңғарылады. Осылай Мәриямның санасындағы жаттанды түсініктер біртіндеп өзгере бастайды. Шығыстағы Ван көлінен батыстағы Ыстанбұлға дейінгі мың шақырымнан астам ұзақ сапарда Мәриям мен Жамал екеуі көне мен жаңаның, дәстүр мен ауқымның, ескілік пен еркіндіктің шынайы парқын өз көзімен көреді.
Ал екінші кейіпкер – Ыстанбұл универ­ситетінің профессоры Ирфан. Ол бәрінен бәз кешіп, өмірден түңіледі де, бір қайық жалдап жалғыз өзі Эгей теңізіне сапар шегеді. Кенеттен ол басына іс түскен Мәриямға кездесіп қалып, оған көмектеседі. Тіпті оны өзінше ойлай алатын, сабырлы да, ақылды адам қалпына түсіреді. Профессор Ирфанның күйзелісі – қоғамның дерті. Ақша қуып, арманын сатқан, жүрек тыныштығын таппаған, басын қай тасқа соғарын білмей жүрген адамның өмірі. Ол өзіне «Мен кіммін?», «Қоғамдағы орным қандай?», «Өмірімнің мәні не?» деген сауалдарды өзіне жиі қояды. Осылай жаны жай таппаған профессор теңізге шығып, шексіз су айдынынан жылт еткен іңкәрлік іздейді.
Үшінші кейіпкер имамның әскерден қайтқан ұлы – Жамал. Ол Мәриямды өлтірмекші болғанымен, оған қолы батпайды. Ең соңында ол бәрін анық біледі, әкесінің абыройсыз әрекетіне көзі жетеді. Автордың шеберлігі сонда – кейіпкерлер кейде өз ісіне өзі өкінішпен қарайды, бірақ бәрін де болашаққа, ертеңге деген үкілі үміт жеңеді де, алға жетелей береді. Мәриямның басына түскен іс арқылы жазушы Түркияның шығысындағы әсіредіншілдік пен әділетсіздіктерді аяусыз сынға алады.
Осы үш басты кейіпкер арқылы автор романды ашуға тырысты. Қоғамдағы мәселелерді қозғап, оқырманға күреспеске амал қалдырмады. Шығарма тілі жеңіл болса да, көтерілген мәселесі ауыр. Жазушының шеберлігі сондай, кинематографиялық динамикамен жазылған. Көз алдыңа оқиғалар желісі келіп, әр бұрышты елестете аласың. Кітаптағы оқиғалар тек Түркиядағы емес, ол әлемде болып жатқан күрделі мәселелер екені анық. Бұл әйгілі түрік жазушысы Орхан Памуктің: «Романдарымның көбі ірі өркениеттердің айырмашылықтары туралы, әсіресе Батыс өркениеті мен ислам және Азия өркениетін тілге тиек етеді. Бұл өркениеттердің өзара айырмашылықтары бар, мен өз шығармаларымда соны айтқым келді. Айттым да. Себебі мен түрікпін. Түркиялық өркениет ішінара еуропалық және исламдық, азиялық өркениеттерден құралады. Сондықтан бұл қақтығыс мені қызықтырды. Тек бұл ғана емес, Шығыс пен Батыстың барлық саяси мәселесі Түркияны мәдени және саяси тұрғыдан қалыптастыруға қозғаушы болды» деген пайымы ойға оралады. Біз сөз етіп отырған «Бақыт» романында да саяси астарларды молынан кездестіреміз. Өйткені онда әр этностың кейбір саяси және тарихи оқиғаларға алуан көзқарасы айтылады. Шығарма әр­түрлі символдарға толы. Сондықтан оқырман оны әлеуметтік драма немесе философиялық-психологиялық роман ретінде қабылдауы мүмкін. Романды парақтаған адам жаны сусаған талай сырға қанық болады
«Зүлфо Ливанелидің «Бақыт» атты романының кей тұстарынан өзімді көргендей болдым», – дейді белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. Шығарма соңына дейін оқырман «Бақыт деген не?» деген сұраққа жауап табуға тырысады. Бұл – байлық емес, ой байлығы мен адам еркіндігі. Қандай шығарма болса да, ондағы кейіпкердің келбеті қаншалықты дәрежеде кескінделгені, замана сипаты мен басты әлеуметтік проблемалардың орны көп жайтты аңғартады. Қандай да болмасын, қиянат, қаталдық пен қатыгездіктің туындау себептері бар. Оның басты себебі – кісіліктің жоқтығы, адами қасиеттің төмендеуі. Ол адам үшін ғана емес, қоғам үшін де қауіпті. Десе де романдағы тағдыры тәлкекке түскен қыздың тас жүректерді жібітіп, «Бостандық ескерткіші» тәрізді болашаққа қол созуы оқырманды таңғалдырмай қоймайды.

Ерзат АСЫЛ