Перейти к содержимому

Орындалған аманат

41 қаралым

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қаскелең ауданынан (қазіргі Қарасай) ­8 мыңдай сарбаз аттанса, олардың ішінен тек 4416 азамат қана майдан даласынан еліне қайтқан. Біразы аман-сау келсе, көбі мүгедек күйінде оралған. Ал қалғаны хабар-ошарсыз кетті. Шейіт болған боздақтар арасында біз сөз еткелі отырған майдангер Көкбас (шын есімі Смағұл) Талқанбаев та бар.

Арыстай азамат ел-жұртынан алыстап, бейбіт өмір үшін кеудесін оққа тосты. Жаумен кескілескен шайқаста жат жерде опат болғаны жақындарының қабырғасын қайыстырып, еріксіз мұңға батырды. Былтыр ғана өмірден өткен жалғыз қызы Роза Ұнайбекованың (Талқанбаеваның) жазбасына сүйенсек, әкесі 1941 жылы әскер қата­рына шақырылып, жауынгер ретінде май­данға жіберілген. Шайқас кезінде ауыр жарақат алып, әскери госпитальда ұзақ уақыт ем алған. Денсаулығы қалпына келген соң, 1942 жылдың күз айында қайтадан майданға аттанған. Соғыс даласында сағынышын хат арқылы жолдап, сыйлық ретінде кірсабынның тілімі мен тарақ жолдаған кездері де болыпты. Бүгінде Роза Көкбасқызының ұлы Ержан Ұнайбеков анасының сөздерін еске алып, нағашы атасының ерлік істерін мақтанышпен айтуда.
Бір өкініштісі, Көкбас Талқанбаев­тың соғыста болғанын дәлелдейтін құжаттары, қайтыс болғаны туралы анықтамасы бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Өйткені 1946 жылы Роза Көкбасқызының тұрып жатқан баспанасы аяқ астынан өртеніп, сол кезде жауынгер жайлы деректің барлығы түк қалмай жанып кеткен. Бұл келеңсіз жайт жалғыз қызының жанына қатты батып, өзегін өкініш өртеген.
Жылдар жылжып, өмірдің көші ілгерілеп, уақыт-жүйрік жүйткіп өтіп жатты. Дегенмен туған қызының әкеге деген сағынышы басылмады. Жатқан жерін анықтап, қабіріне бір уыс топырақ салып, есімін туған жеріндегі ардагерлерге арналған құрмет тақтасына жазу асқақ арманына айналды. Осы жолда тынбай ізденіп, мекемелердің қақпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмады. Мұрағаттардың сан түріне сауал тастап, әкесінің жерленген жерін білу үшін бар күш-қайратын жұмсап келді.
Роза Көкбасқызының үміті ешқашан үзілмеді. Бір ғажайыптың боларына сенім артып, өмір сүріп жатты. Сөйтіп, 80 жастан асқан шағында Роза Талқанбаеваның ұлы Ержан анасының арманын орындауға, нағашы атасының ерлігін ұлықтауға білім-білігін көрсетіп, ақыры соңында нәтижеге қол жеткізді.
Алдымен 2021 жылы Астана қала­сындағы «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі 1898 жылы дүниеге келген Көкбас Талқанбаевтың қай жылы соғысқа аттанғаны, қалай қайтыс болғаны, қай жерде жерленгені жайлы ақпаратты растап, хат жолдаған. Қолда бар деректерден кейін Ержан Ермағанбетұлы мемлекеттік мекемелер арқылы сұраныс тастап, нағашы атасы Көкбас Талқанбаевтың соғыста болғаны және оның қай жерде қаза тапқаны жайлы ресми мәліметке қол жеткізуге тырысты. 2024 жылы шілде айында Қарасай аудандық қорғаныс істері бөлімінен 1942 жылы Талхамбаев деген тегімен әскерге аттанғанын нақтылап, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне сұраныс-хат жолдаған. Екі айдан кейін көршілес елден жауап ретінде мұрағаттық анықтама келіп, онда расымен Көкбас Талқанбаевтың ерлікпен қаза тапқаны және қай жерде жерленгені расталған. Бұл дерекке сүйенсек, Көкбас Талқанбаевтың есімі Капис деп жазылған. Қаскелең аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған. Майданда 326-атқыштар дивизиясы 1099-атқыштар полкінің мергені болған. Ал 1942 жылдың 26 қарашасында Калинин (қазіргі Тверь) облысы, Сычев ауданы, Холм Березовский деревнясының маңында қаза тапқан.
Нақты дәлелденген осындай қолда бар ресми мәліметтен кейін Роза Ұнайбекованың қуанышында шек болмады. Қаншама жыл армандаған күніне жетіп, ендігі мақсаты – әкесінің атын соғыс ардагерлеріне арналған құрмет тақтасына жаздыру болды. Бұл жұмыстардың басы-қасынан әдеттегідей ұлы Ержан Ұнайбеков табылып, Қарасай ауданының әкімді­гіне және анасының тұрғылықты жері Тұрар ауылы болғандықтан, жергі­лікті әкімдікке ұсыныс-хат жолдады. Нәтижесінде Жібек жолы ауыл­дық округі әкімінің аппараты атал­ған сұранысты қабыл алып, Жеңістің 80 жылдығы аясында Көкбас Талқанбаевтың есімін құрмет тақтасына жазды.
Алайда 9 мамырға санаулы күндер қалып, Роза апамыз 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Құдайдың жазғанына ешкімнің қарсы тұра алмасы анық. Десе де, армандаған күніне жете алмағаны өкінішті. Ол кісі көзі тірісінде ұрпағының бақытына кенеліп, еңбегінің жемісін көрді. Өмірінің көп бөлігін кеңшар мен ұжымшарда сауыншы болып өткізді. Жұмысқа деген адалдығының арқасында «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сонымен қатар ол Қаскелең аудандық мәслихатының үш шақырылымының депутаты болып, жауапты қызметтер атқарды. Отбасында шаңырақтың ұйытқысы болып, 11 құрсақ көтеріп, «Батыр ана» атанған. Көзі тірісінде 26 немере мен 33 шөбере сүйіп, ұрпағының қызығын көріп кетті деуге болады.
Роза Көкбасқызының ұл-қыз­дарының бәрі анасының аманатын орындауға бір кісідей атсалысты. Солардың ішінде Ержан Ермағанбет­ұлының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Ол Алматы экономикалық колледжінде, одан кейін Алматыдағы әскери училищеде оқыды. Курсант кезінде демалысқа ауылға келгенде анасының нағашы атасына қатысты арманын жиі естіп, санасына сіңіріп алған. Оқу бітіргеннен кейін әр өңірде әскери қызмет атқарып жүріп, сол жақтағы қорғаныс істері бөлімінен, басқа да мекемелерден соғыста қаза тапқан атасына қатысты деректі қалай табудың жолын қарастырған. Жан-жақтан сұрастыра келе, түптің түбінде дегеніне жетті.
Ананың арманы ұрпақтың амана­тына айналып, жауынгер ерлігі ұлық­талды. Батырлық та, батылдық та ұмытылмауы тиіс. Осы ретте Көкбас Талқанбаевтың жанкештілігі оның ұрпағы үшін өшпес өнеге болатыны сөзсіз

Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы