Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Өрелі жастардың ой додасы

Өрелі жастардың ой додасы

34 қаралым

Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында орналасқан «Heaven Club» демалыс орнында «ZIATKER» облыстық пікірсайысшылар форумы өтті. Мақсаты – өңірдегі пікірсайыс қозғалысын, жастардың шешендік өнерін,  көшбасшылық қабілетін дамыту,  жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөз облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметовке берілді. 

– Халықаралық жастар күніне орай облыс көлемінде жастарға арналған түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – «ZIATKER» облыстық пікірсайысшылар форумы. «Heaven Club» демалыс орнында өтіп жатқан іс-шарада болашақта түрлі деңгейдегі сайыстарда облыс намысын қорғайтын 9 аудан мен 2 қаладан келген 80-ге жуық жас пікірсайысшының басын қосып отырмыз.  Олар екі күн бойы білікті мамандар мен тәжірибелі спикерлерден  дәріс алады.  Дебат турнирлеріне қатысып, өз білімдері мен шеберліктерін сынап, жеңімпаздарды анықтайтын болады. Сонымен бірге концерттік бағдарламаларды тамашалап, суға шомылып, көңілді демалыс өткізеді.  Өз ойын еркін жеткізе білетін, сыни тұрғыдан ойлайтын және түрлі көзқарастарды саралай алатын жас – қоғам дамуына үлес қоса алатын тұлға. Бұл форум – олардың білімін толықтырып қана қоймай, бір бірімен танысуына, пікір алмасуына, тәжірибе жинақтауына және жаңа мүмкіндіктерге қадам басуына арналған маңызды алаң, – деген Мәди Абылайұлы Халықаралық жастар күні мерекесін атап өту аясындағы ауқымды шаралар әлі де жалғасатынын айтты.

Келесі кезекте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Атенбекова сөз алып, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат»,   қағидаттарын  жастар арасында насихаттау бағытымен  сабақтасатын мұндай шаралардың жастарды білімге, ізденіске, кітап оқуға, өз ойын дәлелді түрде жеткізуге, заң талаптарын сақтауға септігін тигізетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар облыстағы 447 жалпы білім беретін мектеп пен 41 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымындағы жастардың өңірдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға қосып жатқан үлесіне тоқтала келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Форум барысында республикалық пікірсайыс турнирлерінің жеңімпазы  Шыңғар Қызырхан, үздік республикалық пікірсайысшы Гүлнұр Әлім, 2013 жылғы «Taraz Cup» турнирінің үздік спикері Айбол Қожатаев, «ЕНУ Оратор» үйлестірушісі Диана Тайтанова, ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Айым Айтпанбет, республикалық «Жеті жарғы» пікірсайыс ұйымының вице-президенті Ажар Сұлтан сынды   пікірсайыс пен шешендік өнер саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан білікті спикерлер дәріс оқып, тәжірибелерін бөлісті. Қатысушылар спикерлерден пікірсайыс мәдениетінің қалыптасуы, тиімді стратегиялар, көшбасшылық, шешендік қабілет және қарарды талдау бағыттары бойынша  сабақ алды.  Сонымен қатар әр өңірден келген жастарға құқықтық сауаттылық, заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіп, адалдық, әділдік, азаматтық жауапкершілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет мәселелеріне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмысы  жүргізілді.

– Ізбасарларыма ең алдымен пікірсайысты тек жеңіске жетудің құралы ретінде емес, ойыңды жүйелі жеткізуді, ақпаратты саралауды және өз позицияңды дәлелдей білуді үйрететін үлкен мектеп ретінде қабылдауға кеңес бердім. Өз баяндамамда қарарды дұрыс талдаудың маңыздылығына ерекше тоқталдым. Себебі пікірсайыста жақсы аргумент айтудан бұрын, қарардың әр сөзінің мәнін түсініп, нақты не сұрап тұрғанын анықтау қажет. Сол үшін қатысушыларға кілт сөздерді табу, дефиниция жасау, статус-квоны анықтау, қарардың кімге және қалай әсер ететінін талдау сияқты әдістерді көрсеттім. Сонымен қатар кейс құрастыру мен спич дайындаудың практикалық жолдарын оқушылармен бірге қарастырдық. Жақсы спикер – дайын ақпаратты жаттап алған адам емес, кез келген қарарды талдап, өз ойын логикамен құрастырып, тыңдаушыны сендіре алатын адам. Сондықтан пікірсайыстағы әр сөздің артында нақты ой, дәлел және мақсат тұруы керек. Мен үшін пікірсайыстың ең үлкен құндылығы – адамның ойлау мәдениеті мен сөйлеу қабілетін қалыптастыруы, – деді спикерлердің бірі Ажар Ержанқызы.

Жаңа жетістіктерге бастайтын «ZIATKER» форумының екінші күнінде қатысушылар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Оқитын ұлт» идеялары аясында түрлі өзекті тақырыптарды қамтитын пікірсайыс турнирінде бақ сынады. Іріктеуден іркілмей өтіп,  ширек және жартылай финалда қарсылас шақ келтірмей, ақтық сында жеңімпаз атанған Еңбекшіқазақ ауданының командасы 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынды олжалаған Қонаев қаласының пікірсайысшылары 100 000, үшінші орынды орынды еншілеген Жамбыл ауданының жастары  50 000 теңге иеленді. Сонымен бірге үздік спикер атанған Темірбек Шахназға 20 000 теңге берілді.

–  Бұл форумға «Фараби» дебат клубындағы командаммен бірге келдім. Бұған дейін басқа да іс-шараларға қатысқанмын, бірақ бүгінгі шара –  менің алғашқы тәжірибем. Сондықтан өте қуаныштымын. Бұл жерде «Пікірсайыс саласының білікті мамандарынан  дәріс  алдық. Солардың тәжірибесі арқылы біз дебаттың түрлі қыр-сырын меңгеріп, өзара тәжірибе алмаса алдық.  Мұның осы салаға бет бұрған жас дебатерлер үшін өте маңызды екені даусыз. Сонымен қатар осы жерде алған білімімізді пікірсайыс турнирі барысында  тәжірибе жүзінде қолдана алдық. Форумның атмосферасына келетін болсақ, мұнда өте жақсы әрі позитивті көңіл-күй қалыптасқан. Бұл дебатерлер үшін аса маңызды, өйткені жақында мектептегі дебат маусымы басталады. Сондықтан бұл ауқымды іс-шара бізге каникулдың соңғы күндерін пайдалы әрі көңілді өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Осы форумды ұйымдастырушыларға ерекше алғысымды білдіремін, – дейді  Қарасай ауданындағы «Әл-Фараби» мамандандырылған лицейінің 10-сынып оқушысы Дина Құрмағазықызы.

Форум аясында қатысушылар интеллектуалдық ойындарға қатысып, мәдени бағдарламаларды тамашалады. Сонымен қатар  «Тұлпар» ретро салонына,  «Көшпенділер қалашығына» саяхат жасап, Қонаев қаласының көрікті жерлерін аралады.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы