Алматы қаласы агломерациясын қажетті көкөніспен қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген азаматтардың қатарында Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округінде шаруасын шалқытып отырған Жүніс Нәжмединовтің есімі ерекше аталады. Ол сонымен қатар аз қамтылған отбасыларына тұрақты түрде көмек қолын ұсынатын мәрттігімен де ерекшеленеді.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 2000 жылдардың басында округке қарасты Береке ауылының аумағынан 150 гектар суармалы жер алып, күрделі де қиын, әрі аса көп еңбекті қажет ететін көкөніс өндіруді қолға алған екен. Әрине, жұмыс бірден дөңгеленіп жүре бермегені анық. Алайда өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қолға алған шаруасын аяғына жеткізбей тыныш таппайтын әдетімен бұл жолы да жұмысын жолға қоя білген. Талпынған адам қашанда мұратына жетеді емес пе?! Осылайша, голландиялық фирмалармен келісім жасап, онда өсірілетін көкөністерді еліміздің топырағы мен ауа райына бейімдеуді қолға алады. Агроөнеркәсібі мықты дамыған мемлекеттен келген тұқымды Қазақстанға жерсіндіріп, оны күтіп-баптап, өнімділігін арттырады. Яғни жермен еңбек ете жүріп, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастырады.
Бүгіндері «Нажмединов» шаруашылығы өзіне тиесілі 150 гектар алқаптың 60 гектарына көктемгі, жазғы және күзгі қырыққабат, 20 гектарына брокколи мен кәді, қалған жеріне тәтті жүгері өсіріп келеді. Жердің құнарлылығын сақтау үшін ауыспалы егістік әдісін пайдаланудың да маңызы жоғары.
Егіншілік пен бақша маусымдық жұмыс болғандықтан, мұнда тұрақты еңбек ететіндер қатары көп емес. Дегенмен ерте көктемде басталып, қоңыр күзге дейін жалғасатын жұмыс кезінде 60 адамға дейін еңбек етеді. Күнделікті атқарған жұмысына қолма-қол жалақы алатын шаруалар еңбекақылары мен жұмыс жағдайына ризалықтарын білдіреді.
Жүніс Нәжмединов ауылдық округтегі әлеуметтік шараларға да өз үлесін қосуда. Ешкімнің ескертуінсіз жыл сайын тамыз айында Береке ауылында тұратын аз қамтылған отбасының балаларына мектепке қажетті киімдер, оқу құралдарын сыйлауды әдетке айналдырған. Ауылдың өзге де көпшілік шараларынан тыс қалмай келеді.Бүгіндері көкөніс өндіру жұмысы жолға қойылған деуге болады.
– Голландиялық ғалымдармен әріптестік жағдайында еңбек етудеміз. Аудан әкімдігі тарапынан да қолдау көрсетіледі. Мемлекеттен бөлінетін арнайы жанар-жағармай мен тыңайтқыштар жұмысымызға оң ықпалын тигізуде. Тек суға арналған арналардың тозуы, бетон науалардың істен шығуы ылғалдың ысырап болуына жол беріп, суармалы алқаптың берекесін кетіруде. Бұл мәселені аудан мен облыстың жауапты мамандары жақсы біледі. Сондықтан су арналары қалпына келтірілсе, өңірдегі ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар үшін жақсы болар еді, – дейді шаруашылық басшысы.
Жұртшылықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп, адамдарға жұмыс берумен қатар қайырымдылық шараларына атсалысып, жомарттық танытып жүрген Жүніс Нәжмединовтей азаматтың ел-жұртына берері мол.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы