Райымбек ауданында сайлауға қатысып, өз таңдауын жасағандардың қатарында бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, жас спортшы Толғанай Қасымхан да бар. Ол №763 сайлау учаскесінде дауыс беріп, ел болашағына қатысты өз азаматтық ұстанымын білдірді.
Халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк туын көкке көтеріп, ел намысын абыроймен қорғап жүрген Толғанай үшін бұл күннің маңызы ерекше. Оның айтуынша, елдің болашағына қатысты маңызды мәселелерде әр азаматтың өз пікірін білдіруі – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
«Құрылтайда дауыс беру – ел болашағына қатысты өз пікіріңді білдірудің маңызды мүмкіндігі. Әр азамат өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, еліміздің дамуына үлес қосуы керек деп есептеймін», – деді Толғанай Болатқызы.
Жас спортшының сайлауға қатысуы – өскелең ұрпақтың ел өміріне бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды мысал. Спортта биік белестерді бағындырып жүрген Толғанайдың азаматтық белсенділігі де жастарға үлгі болары сөзсіз.