Перейти к содержимому

Ақ батамен басталған сайлау

74 қаралым

№1031 сайлау учаскесінде Жаңаталап ықшам ауданында Құрылтай депутаттарын сайлау күні ұлттық дәстүр мен азаматтық жауапкершілікті ұштастырған тағылымды рәсім өтті.
Сайлау учаскесіне Алатау қаласы Ардагерлер ұйымының «Жаңа талап» ықшамауданы бойынша төрағасы Сарқанбаев Жахан бастаған он ақсақал ұлттық киім киіп, елдің амандығы мен халықтың бірлігін тілеп, ақ батасын берді.
Ақ бата беру рәсімі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрінің бүгінгі қоғамдық өмірмен сабақтастығын айқындаған ерекше сәт болды. Аға буын өкілдері ел болашағына қатысты маңызды таңдаудың мәніне тоқталып, тұрғындарды азаматтық белсенділік танытуға шақырды.
Ақсақалдар атынан сөз алған Сарқанбаев Жахан сайлаудың ел өміріндегі маңызына тоқталып, әр азаматтың өз таңдауын жасауы маңызды екенін атап өтті.
Ол сондай-ақ елдің береке-бірлігі мен тұрақтылығы ең алдымен азаматтардың ауызбіршілігіне байланысты екенін айтып, жастарды ел тағдырына белсенді араласуға үндеді.
Сарқанбаев Жахан бастаған ақсақалдардың ақ батасында елдің тыныштығы, халықтың амандығы, бірліктің беріктігі мен ұрпақтың болашағы жарқын болсын деген жылы тілектер айтылды.
Бұл рәсім сайлау учаскесіне келген тұрғындарға да ерекше әсер сыйлады. Ұлттық дәстүрдің дәріптелуі мен азаматтық таңдаудың қатар жүруі – елдік құндылықтардың сабақтастығын көрсетті.
Аға буынның батасы – ұрпаққа аманат. Ал сол аманатты жалғастырып, елдің болашағына өз үлесін қосу – әр азаматтың парызы.
Әр дауыс – таңдау. Әр таңдау – жауапкершілік. Ал жауапкершілігі жоғары азаматтардан елдің берік болашағы қалыптасады.


Асқар ЮСУПОВ,

Алатау қаласы ардагерлер ұйымының төрағасы